Ұйғыр ауданында қазақтың ұлттық ойындарының бірі тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында Алматы облысының кубогы үшін жарыс өтті. Сайысқа өз күштерін сынауға Қонаев қаласы мен облысқа қарасты аудандардан 9 бен 15 жас аралығындағы ұл-қыздар қатысты.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы облысының спорттық-бұқаралық іс-шаралар орталығының ұйымдастыруымен өткен жарыстың мақсаты – қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын әлемдік деңгейде насихаттау, оның бұқаралық сипатын арттыру және осы спорт түріндегі ең үздік жас спортшыларды анықтау.
Оның барысында швейцариялық жүйе бойынша жеке және командалық сында 100-ден астам ойыншы ағымдағы жылдың қараша айында Петропавлда өтетін тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының жастар командалық біріншілігінде жолдама алу үшін бақ сынады.
Ұлттық интеллектуалды командалық ойын жарысының қорытындысы бойынша қыздар арасында Ұйғыр ауданы көш бастап, Жамбыл ауданы екінші, Еңбекшіқазақ ауданы үшінші орынға табан тіреді.
Ал ұлдар арасында Жамбыл ауданының спортшылары үздік атанды. Екінші орынды қарсылас командаға сәл ғана дес берген Ұйғыр ауданы иеленсе, үздік үштікті Қарасай ауданы түйіндеді.
Облыстық доданның жеңімпаздары алғыс хаттармен және медальдармен марапатталады.
Естеріңізге сала кетейік, тоғызқұмалақтан Алматы облысы кубогының бірінші іріктеу кезеңі ағымдағы жылдың сәуір айында өткен болатын.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Ұйғыр ауданы.