«Келун Казфарм» зауытының жұмысымен танысты
Жақында ауданымызда орналасқан ең ірі кәсіпорындардың бірі – «Келун Казфарм» фармацевтикалық зауытына тоғыз шетелдің журналистері келіп, мемлекетіміздегі инвесторлардың жасап жатқан жұмыстарымен танысты.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған кездесуге АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты алпауыт мемлекеттердің медиа саласында қызмет етіп жүрген кәсіби мамандар шақырылған болатын.
Ең алдымен жиналғандар мәжіліс залында фармацевтикалық зауыт жайлы толық ақпарат беретін бейнероликпен танысып, кәсіпорынның басшыларымен еркін пікір алмасты.
Бизнес ошағының жұмысына қызыққан ақпарат саласының өкілдері дәрі-дәрмектің жасалу үрдісін өз көздерімен бақылап, зауыттың күнделікті тыныс-тіршілігімен де танысты.
Экскурсия барысында «Келун Казфармның» бас директоры Чжан Цяньчэн журналистердің барлық сұрақтарына толық жауап беріп, келушілерге алғысын да білдіріп жатты.
Баспасөз турының соңында қонақтар арнайы жайылған дастарханнан дәм татып, зауыт ішінде жүргізілген саяхаттағы әсерлерімен бөлісе келе, естелік суретке де түсті.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.