Еліміздің Президенті сайланатын уақытқа біраз күн ғана қалды. Саяси дода жақындаған сайын үгіт-насихат жұмыстары белсенді өтуде.
Осы аптаның сәрсенбісі күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары, яғни, облыстық және аудандық қоғамдық штабтың мүшелері ауданымыздағы ең ірі сауда орны – «Алтын Орда» базарының қызметкерлерімен және сатушыларымен кездесті.
Базардың ескі әкімшілігінде өткен жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген ұстанымды алға тартып отырған Президентке үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, негізгі бағыттарын түсіндіріп өтті. Жиналғандардың бәрі дерлік ата-ана болғандықтан штаб мүшелері кандидаттың бағдарламасындағы адамдардың құқықтарын қорғау, әсіресе, ел болашағы – жастарға көрсетілетін қолдау мен оларға жасалатын басымдықтар туралы айтып берді. Жиын соңында базар ұжымын Қазақстанның жарқын болашағы үшін сайлау науқанына белсене қатысуға шақырды.
Кездесу аяқталғаннан кейін шараға қатысқан ауданымыздың Жастар ресурстық орталығының белсенділері базардың ішіндегі павильонды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.