Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейін алғашқы сұхбатында халық арасындағы көп қауесетке нүкте қойды деп ойлаймын. Шынайы пікірлесуде елді алаңдатқан сұрақтардың жауабы айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойылған сұраққа жауап бере отырып, қанды қырғынның жай-жапсарын ашық айтуға тырысты.
Президенттің айтуынша, Алматыдағы дүрбелең нағыз алдын ала жоспарланған қастандық әрекет, оның артында кім тұрғанын нақты айту әлі ерте. Яғни, тергеу амалдары жалғасуда. Істің мән-жайын бірден бағамдай алмағанына айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы құқық қорғау органдарының жігерсіздігін айтып, оларға лайықты бағасын берді. Сонымен қатар, ол Президент ретінде тәуекел қадамдарға барып, мемлекетте тәртіп орнатуды ғана ойлайтынын анық айтты.
Қайғылы қаңтардың келтірген залалын біле отырып, ел Президенті алда атқарылатын істердің көп екеніне тоқталды. Оның біразы жүзеге асырылған. Мәселен, Үкімет басындағылардың тағайындалуына қатысты нақты ойын жеткізді. Яғни, Президент кадрдың барлығын өзгертуге қарсы. Айтуынша, алдымен олардың біліктілігі мен жұмыстарының сапасына қарай бағалау керек. Одан кейін жұрттың талабы екен деп Үкіметті 100% өзгерту – қисынсыз. Көшеден әкеліп тағайындай салуға да болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл пікірі, әрине, орынды. Әркім өз ісімен айналысып, халықтың игілігі үшін жұмыс істейтін, елдің болашағына алаңдайтын басшының болғаны абзал деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының бұл сұхбаты, расымен, талай істі саралады, анығын айтты, жеткілікті түсіндірді. Өзі айтқандай, Президенттің міндеті – аса күрделі шешімді қабылдау. Менің ойымша, Қасым-Жомарт Кемелұлының осындай аласапыран кезеңдегі бастамаларына қолдау білдіруіміз қажет. Оның алдағы істеріне сенім білдіріп, халық арасында береке-бірлігімізді танытсақ, тәуелсіз Қазақстанның шығар белесі биік болады деп есептеймін.
Орынбасар ЖАНӘДІЛ,
ардагер ұстаз, өлкетанушы.