Ал, екінші бақытым – Тілім менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім, – деп жырлады ұлы ақынымыз Мұқағали Мақатаев «Үш бақытым» атты өлеңінде. Туған анаңның ақ сүтімен бойыңа даритын, жан-жүрегіңе ұялап қалатын туған тілің неткен құдіретке ие десеңізші?! Көзіңді ашқаннан көрген анаң қандай қымбат болса, туған тілің де сондай күшке, құдіретке ие. «Ананың сүті бой өсіреді, ананың тілі ой өсіреді», – деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Туған тіліміз жауһар жырға, өлмес өлеңге, әсем әнге айналған кезде тіптен де құлпырып, көріктеніп, көздің жауын алардай тамаша сырлы әлемге айналып кетеді. Қазақтың тілін білу үшін, құдыретін сезу үшін өлмес жыр мен әнге айналған дүниені көру керек, жалықпай тыңдау керек.
Қазіргі таңда Тәуелсіз Отанымызда мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің абыройы мен беделін көтеру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сөзбен жұмыс бітпейді. Ең негізі, туған Отанымызда, барлық қандастарымыз ана тілімізде сөйлессек, білмегеніміз үйренсек, тіршілікте тек өз тілімізде сөйлеуге, қарым-қатынас жасауға әрекет жасасақ, туған тіліміздің аясы арта береді. Сол арқылы мемлекетімізді мекендеп отырған ұлт өкілдері де қазақ тілін үйренуге, жергілікті ұлт тілінде сөйлесуге ұмтыла бастайтын еді. Әлі күнге туған ана тілін білмейтін, білуге ықыласы жоқ қандастарымыздың көп екенін жасыруға болмайды.
Күні кеше таулы өлке аттанып кеткен Кеген ауданында Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай тіл фестиваль өтті. Бұл іс-шара мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау арқылы отандастарымыздың санасын жаңғырту мақсатында жасалып отыр.Аталған іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде тойланып келеді.Игі шараға зиялы қауымдар, тіл жанашырлары, мемлекеттік қызметшілер, ауыл тұрғындары қатысты. Алғашқы сөзді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев сөйлеп,мемлекеттік тілімізге әркез құрмет көрсету басты мақсатымыз екенін айтты. Жиын барысында ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі тіл саясаты комитетінің басқарма сарапшысы Жанар Асанова тіл саясаты тұжырымдамасының нәтижесімен бөлісті.
Фестиваль соңында тілге жанашырлық көрсетіп жүрген азаматтарды марапаттады. Фестивальдің жабылу салтанатында белгілі күйші Секен Тұрысбековтың сүйемелдеуімен концерт өткізіліді. Жаңа да өскелең заманда туған тіліміздің уақыт көшінде жаңғыра, жайнай, толыса, көркейе, кемелдене түскені абзал. Оған үлес қосу, негіз қалау өзімізден басталады. «Ана тілің алпыс тілге татиды», «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі», «Туған ел – тұғырың, Туған тіл – қыдырың», – деген мақал-мәтел тегін айтылмаған. Туған тіліміз арқылы туған еліміздің, туған сүйікті де қымбатты Отанымыздың мәртебесі артады, мерейі өседі, даңқы аспандай түседі. Осыны білсек, осыны ұғынсақ, осыны өсер ұрпағымызға ұлағаттасақ, бәрі жақсы болады.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.