Жыл санау бойынша биыл – Жылан жылы. Қазақ тарихына сүйенсек, халқымыз әрдайым бұл жылға үнемі үмітпен, сақтықпен, сабырмен қарап, жаңа бастамаларды дайындықпен қарсы алған.
Ғаламтор бетіндегі ақпараттарға сүйенсек, әр жылымыз жануар атымен аталғандықтан, өзіндік мінез бен қасиетке ие деп есептелген. Солардың бірі – Жылан жылы болса, ол күрделілігімен, жұмбақтылығымен және өзгерістерге толы кезеңдерімен танымал,
Қазақтың жыл қайыруымен есептейтін болсақ, өткен жылы ұлу болса, биыл алтыншы болып жылан жылына сәйкес келіп тұр. Сондай-ақ ата-бабамыз әрбір 12 жылды бір мүшелге теңеген. Ал 13-ші жыл қайтадан жыл басы бойынша тышқаннан саналып, реттілік қайтадан басталады. Бірінші мүшел – 13 жас, одан кейін 12 жылдан қосыла береді.
Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жылан жылы жайлы ақпараттар ғаламтор беттерінде бір-біріне ұқсас келеді. Қазақ дәстүрінде оны ақыл-парасаттың, сақтықтың және терең ойдың символы ретінде сипаттаған. Бұл жылды қазақ халқы ерекше құрметтеген, өйткені жылан табиғаттың тепе-теңдігін сақтаушы ретінде танылған.
Мінез жағынан келер болсақ, жылан – суыққанды болғанымен, бірақ ақылды, сабырлы, салмақты, тіпті, кейде қулыққа бейім. Ал мұндай қасиеттер жылан жылында өмірге келген адамдарға да тән.
Жылан жылы тыныштық пен сақтықты қажет етеді. Кез келген іске келгенде асығыстыққа жол бермеген жөн.
Ал қазақтың наным-сеніміне қатысты айтар болсақ, жыланды киелі жануарға теңеген. Оған құрметпен қарасаң, ырыздық пен тыныштық әкеледі екен. Егер жылан үйге кірсе, оны өлтірмей, шығарып жіберу керек деп сенген. Бұл ырыс пен құт шақыратын белгі ретінде қарастырылған.
Қазақ тарихындаға деректерге сүйенсек, жылан жылы маңызды оқиғалармен есте қалған. Бұл жылдар әдетте үлкен өзгерістер мен сынақтарға толы болған. 1729 жылы Аңырақай шайқасы болған, 1833 жылы Исатай мен Махамбеттің көтерілісі, ал 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған. 1989 жылы Кеңес Одағында қайта құру кезеңі орын алып, Қазақстанда ұлттық жаңғыру, тәуелсіздікке ұмтылу кезеңі күшейген. Міне, осындай тарихи кезеңдерге толы болған. Сын-сағаттардың жылы болғанымен, қиындықтарды еңсеру арқылы жаңа мүмкіндіктер ашылған.
Жылан жылы дүниеге келген адамдар жайлы ерекше сипат қалыптасқан. Бұл жылдың иелері ақылды және интуициясы жоғары, сабырлы, бірақ шешім қабылдағанда табанды. Құпияшыл және өз ойларын әрдайым ашық айтпайды.
Жылан жылы – қазақ халқы үшін тек жыл қайыру жүйесінің бір бөлігі ғана емес, терең, мағыналы кезең. Сондықтан жақсылыққа балап, жаңа жетістікке жетуді жоспарлаған жөн.
Ескі жылды есіркеп, Жаңа жылды жарылқаған халықпыз ғой! Келешекке үміт артып, армандарға анық қадам баса берейік. Жаңа жыл жақсылығымен қуанта берсін.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.