Бүгінде жалпы тұтынушылар тарапынан жарықтың жиі сөнетініне, тарифке, электр энергиясының сапасына қатысты наразылықтар туындап жатады. Осыған орай аптаның бейсенбісі күні ауданымыздағы Іргелі және Райымбек ауылдық округтерін газбен қамтамасыз етіп отырған «Тауекел-Н-Алгабас» ЖШС-і нысандар бойынша 2022-2023 жылғы инвестициялық бағдарламаның орындалуына байланысты баспасөз турын өткізді. Аталған кездесуге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысыны орынбасары Гульмира Утегенова, облыстық мәслихат депутаты және БАҚ өкілдері қатысты.
Баспасөз турының негізгі мақсаты – инвестициялық бағдарламаның орындалуы, сондай-ақ инвестициялық бағдарламаны іске асырудан алған нәтижелерді халыққа жеткізу. Оның барысында компания басшылығы қазіргі уақытта қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын және алдағы жоспарлары жайлы ақпарат берді.
Жалпы 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Тауекел-Н-Алгабас» ЖШС бүгінде 40 мыңға жуық қарасайлық тұтынушыны газбен қамтамасыз етіп отыр. Мекеме директоры Рустем Отембаевтың айтуынша, инвестициялық бағдарлама шеңберінде барлық бекітілген жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда. Газ құбырлары уақытында тексеріліп, жөндеуді қажет ететіндер реттеліп, жарамсыздары ауыстырылып отырады. Осы атқарылған жұмыстардың арқасында компания биылғы жылыту маусымына толықтай дайын болып отыр.
Бұған қоса тур барысында Рустем Тұрсынбайұлы компания тарапынан жасалатын жеңілдіктер жайына да тоқталды.
– Біздің компаниямыздың мақсаты – тұтынушыларымызға сапалы қызмет көрсетіп, жақсы газбен қамтамасыз ету. Сондай-ақ біз өз тарапымыздан әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға барынша қолдау көрсетеміз. Мәселен, бізде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне, ҰОС, Ауған соғысы ардагерлеріне газ қосу кезінде жеңілдік қарастырылған. Ал мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекті алатындарға тарифтік төлем кезінде жеңілдік беріледі, – дейді мекеме директоры.
«Тауекел-Н-Алгабас» ЖШС-нің қазіргі таңда ұсынып отырған тарифы – 36,91 теңге. Алайда алдағы уақытта нарықтағы көтерме бағалар өзгеретін болса, газ тарифінің бағасы да соған сай өспек. Ал, жеке тұрғын үйге газ кіргізу құны 350 000 теңге болып бекітілген.
Айта кетейік, «Тауекел-Н-Алгабас» ЖШС біздің ауданымыздан бөлек Талғар ауданы, Алматы қаласындағы Наурызбай мен Алатау аудандарын да газбен қамтамасыз етеді. Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін Наурызбай ауданындағы Бұлақты Бесағаш және Талдыбұлақ ауылдарында бірқатар кеңселер жұмыс істейді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
«Тауекел-Н-Алгабас» инвестициялық бағдарлама бойынша баспасөз тур өткізді
Home » Жаңалықтар » Қоғам » «Тауекел-Н-Алгабас» инвестициялық бағдарлама бойынша баспасөз тур өткізді