Жыл өткен сайын ел мен елді, ауыл мен ауылды байланыстыратын жолдардың жайы жақсарып келеді. Кеген ауданында жалпы көлемі 775 шақырым жол бар болса, соның 67 пайызы қанағаттанарлық жағдайда деуге келеді. 32 пайызы жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Бұл бағытта жыл сайын бюджеттен жап-жақсы қаражат қарастырылып, жолдар рет-ретімен жасалуда. Өткен жылы ауданның ішкі жолдарын жасауға 1 163 миллион теңге бөлініп, 53 шақырым жол жасалды.
Осыдан үш жыл бұрын Кеген ауылы мен Жалаңаш ауылының арасын жалғайтын тау жолдары Талды ауылының маңына дейін асфальтталып, жасалған болатын. Бұл, шын мәнінде, тау етегінде тұратын Тоғызбұлақ, Жайдақбұдақ, Кеңсу секілді елдімекен тұрғындарының аудан орталығына қарым-қатынасын жақсарта түсті. Былтырдан бері қарай аталған «Кеген – Жалаңаш» бағытындағы 5 – 32 шақырым (27 км) жолдар жөнделіп, асфальтталуда. Осы жол бойындағы Талды, Кіші Қарқара, Шырғанақ және Бөлексаз, Кеген ауылдарының аралығындағы бұрынғы көпірлер шетінен жаңартылып келеді. Дәл қазіргі уақытта жолды жасау жұмыстары Шырғанақ ауылдық округі аумағында жүргізіліп жатыр. Бұл игілікті шаруамен Мұрат Сапарғалиев басқаратын «Алматы жолдары» ЖШС-нің құрылысшылары, мамандары айналысуда. Ортақ шаруаларына жол жасауға қажетті техникалары қатыстырылуда.
– Сәуір айынан бері қарай жұмыс жүргізіп келеміз. Жағдайымыз жақсы. Күзге дейін жолдарды жөндеп, асфальттап толықтай бітіреміз деген үлкен сеніміміз бар,-дейді «Алматы жолдары» ЖШС-нің аталған учаске басшысы Медет Балтабаев.
Серіктестіктің қарамағында жол жөндеуге қатысты, қажетті әртүрлі техникаларды тізгіндеген Б. Тохымбаев, К.Нусипбеков, С.Акимжанов, Е.Сәрсенбаев, Е.Жұмабаев, О.Дайынбеков, Н.Қожахмет секілді өз істерін жетік меңгерген, әрбір қолайлы сәтті тиімді пайдаланып, ортақ істеріне ерен еңбектерін қосып жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Рас, аталған жол жасалса, Талды, Кіші Қарқара, Шырғанақ арқылы аудан орталығына келетін жол бір қалыпқа келеді.
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Кеген ауданы.