Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес – ұлттық сананы сақтау күресі.
Ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.
Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни, халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.
Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?
Қайсыбір халықтың немесе ұлттар мен ұлыстардың жаратылыстан алатын өз тарихы мен орны бар. Қазақ халқының тарихында айрықша атауға тұратын қасиетті жердің бірі – «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы.
Тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады. Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, оның сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде де маңызы зор. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш сақталынған. Солардың бірі – «Таңбалы» шатқалындағы археологиялық ескерткіштер.
«Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайының аумағында сақталынған археологиялық, діни-рухани ескерткіштер өте көп. Аталған ескерткіштердің 5000-ға жуығын қазіргі таңда «Таңбалы» тарихи-мәдени қорық мұражайы тізімге алған. Осы ескерткіштердің басым бөлігі қола дәуірінен бастау алатын жартастағы суреттер мен жерлеу орындары, яғни, қабірлер болып келеді.
Ашық аспан астындағы қорық-мұражай жыл сайын ескерткіштерді тиімді қорғау мақсатында бақылау-барлау жұмыстарын жүргізе отырып, жаңадан табылған археологиялық мұраларды есепке алып, оларды жоюдан, бүлінуден қорғау мақсатында іс-шаралар атқарып келеді. Тізімге алынған әрбір ескерткіш орналасқан аумағына қарай, сол жердің өткен тарихынан хабардар ететін ұлт байлығының рухани қазынасы екені баршамызға мәлім.
Ескерткіштерді түпнұсқа қалпында сақтау қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі болып отыр. Көптеген тарихи-мәдени мұралар жеке тұлғалардың жауапсыздығынан өзгерістерге ұшырап, кейбір жағдайда жойылып кету қаупі төніп отырады. Осы орайда жергілікті халық аталған тарихи-мәдени мұраларымызды бүлінуден, зақым келтіруден қорғап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ескерткіштерді қорғау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндіріп, насихаттап, мектептерде өтілетін тәрбие жұмыстарына енгізсе, оның келешек ұрпақты өз елінің мәдениетіне, өткен тарихына жанашырлықпен қарайтын, ұлтжанды етіп тәрбиелеуде маңызы зор.
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, оларды зерттеу мен насихаттау мемлекеттік деңгейдегі шара болып табылады. Қазіргі таңда «Таңбалы» тарихи-мәдени қорық мұражайының Жартас суреттерін қалпына келтіру және ғылыми зерттеу, қор сақтау бөлімі осы бағытта тыңғылықты жұмыс жасап келе жатыр. Бөлім мамандары жыл сайын археологиялық зерттеулер арқылы Таңбалы аумағынан ғасырлар куәсі болған жартас суреттері мен қорған-қабірлердің, тұрақтардың орнын тауып, зерттеп тізімге алып келеді.
Осыған орай әрбір қорық – мұражайдың, әсіресе, Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген мұражайдың негізгі мәселесінің бірі – мұра нысандарының тұтастығы мен таза табиғилығын сақтау және қалың көпшілікке қолжетімділікті қамтамасыз ету. Соңғы жылдары халықаралық сарапшылар қауымдастығының назарына ілінген «Таңбалы» археологиялық кешенінің мәдени ландшафты және жартастағы бейнелерді сақтауы туралы, қорық – мұражай басшылығы мен менеджерлері арқылы республикалық және халықаралық баспасөз беттерінде кеңінен жариялап келеді.
Қорық-мұражай күнделікті ғылыми жұмыстарында жетекші мемлекеттік мекемелермен, атап айтқанда, А.Х.Марғұлан атындағы археология институтымен, отандық және шетелдік қорық-музейлермен, жоғарғы оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен тығыз байланыста. Сонымен қатар, жартас өнері сарапшыларымен, зерттеушілерімен қатар менеджерлерімен де Орталық Азияда, ТМД елдерінде жиі кездесулері (басқосулар) жақсы дәстүрге айналуда. Қазақстанда «Таңбалы» қорық – мұражайы әрдайым түрлі мәдени шаралардың бастауында. Мәдени мұраны сақтау саласы бойынша ұйымдастырылған түрлі аймақтық семинарларға қатысу және ұйымдастыру мәселелері ЮНЕСКО, сондай-ақ IFES (ТМД елдерінің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры) сияқты ұйымдарының тұрақты қамқорлығында. Қорық мұражай 2010 жылдан бастап соңғы үш – төрт жылда екі аймақтық және халықаралық семинарлардың ұйымдастырушысы, сондай-ақ, ғылыми мекемелермен бірлесе халықаралық семинардың ұйытқысы болды.
2010 жылдың қазан айында ЮНЕСКО-ның бастамасымен жартас өнері (CARAD) жәдігерлерінің құжаттары бойынша Халықаралық аймақтық ғылыми-практикалық семинар өткізілді. Онда Орталық Азия, Сібірдің (РФ) жартас өнері зерттеушілерінің жұмыстары таныстырылды. Семинар Таңбалының бүкіләлемдік мұралар тізімінде екендігінің және ЮНЕСКО-ның Норвегия – Қазақстан жобасының іске асырылуының дәлелі.
2003 жылы НИПИ ПМК МКРК ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросының ықпалымен «Орталық Азиядағы жартас өнерінің ескерткіштері: қоғам қолдауы, менеджмент, құжаттама және консервациялау» тақырыбы бойынша Таңбалыда ғылыми-практикалық семинар өткізілді. Қорық – музей семинар ұйымдастырушысы болмаса да оның қалыптастыру мен тану үдерісіндегі маңызды қадамы болды.
2011 жылы МФГС қолдауымен ТМД елдерінің тарихи- мәдени мұралары бойынша халықаралық семинар сәтті өтті. Семинар нәтижесі бойынша оның материалдық жинағы жарық көрді.
Таңбалыда өткізілген әртүрлі деңгейдегі іс- шаралар мәдени ландшафтардың қазіргі кездегі қоғамдық санадағы рөлінің күннен-күнге артып келе жатқандығының айғағы.
Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарынан танысудан басталатыны мәлім» деп жазған. Ескерткіштерді қираудан, бүлінуден сақтау өткен көне замандарда да өткір мәселенің бірі болып отырған. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез-келген елдің, халықтың тарихын, мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келеді.
Бұл тарихи-мәдени мұралар көне тарихтың куәсі, өткенімізден сыр шертіп, бүгінгі күнге дейін сақталып, жетіп отырған ескерткіштерді қорғау мен сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ.
Қ. НҰРМАҚСҰТОВ,
«Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің ғылыми-зерттеу, қор сақтау және экскурсиялық көпшілік жұмыстар бөлімінің басшысы.