Шілде айының бесі күні Алматы облысының орталы Талдықорған қаласындағы салтанат сарайына «Облыстық ауыл әйелдерінің форумы» өтті, деп хабарлайды Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Еліміздің даму жолындағы кәсіпкер әйелдердің жетістіктері мен үлесін көрсету мақсатында ұйымдастырылған форумға облысымыздың 17 ауданынан ауыл әйелдері қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, бизнес тренерлер, АӨК және фермерлік шаруашылық саласындағы бизнес басшылары, жетекші ҮЕҰ өкілдері қатысты. Аталмыш жиында ұлттық қолөнерді, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, оған өскелең ұрпақты баулуға сүбелі үлес қосып келе жатқан қарасайлық қолөнер шебері Күлән Жанғұтты да болды.
Райымбек ауылында тұратын Күлән Құсайынқызы – «Балатай» қоғамдық қорының жетекшісі, алтын қолды шебер, кәсіптік-шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Ол 2001 жылдан бастап аталған ұйымды құрып, қойдың жүнінен қаншама керемет дүние жасауға болатынын сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп жүрген қазақ қол өнерінің өкілі. Қазақтың мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген Күлән апайымыздың еңбегі бағаланып, елімізде өтетін көптеген басқосуларға құрметті қонақ ретінде де шақырылып тұрады. Осы Талдықорған қаласындағы салтанат сарайындағы форумға да құрметті қонақ ретінде қатысып, өзінің жеткен жетістіктерімен бөлісіп қайтты.
Аталмыш форум агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда әйелдердің жетістіктері мен үлесін көрсету, бизнес жоспарларды құруға үйрету, сондай-ақ, әйелдерді ынталандыру, оларды жасыл экономикаға тарту, органикалық ауыл шаруашылығын және ауылдағы жұмыспен қамтудың түрлі нысандарын енгізу мақсатында Алматы облысында алғашқы рет өткізілді. Жиында мемлекеттік қолдау-көмек жасап, қайтарымсыз грант бөлу арқылы ауылдық жерлерде жұмыспен қамту проблемаларын шешу, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау, жасыл технологияларды қолдану тәжірибесі де қарастырылды. Сонымен қатар, форум барысында кәсіпкерлер мен бизнесті енді бастаушылар банк, шағын несие ұйымдары мен мемлекеттік құрылым өкілдерінен тегін кеңес алды.