Алматы облысы бойынша ұлттық спортты дәріптеу соңғы кездері жақсы жалғасып келеді. Дәстүріміз бен салт-санамызды жаңғырту мақсатында наурыз айының 10-13 күндері Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында ұлттық спорт түрлерінен облыстық чемпионат өтті. Айтулы додаға әр ауданның кіл мықтылары бақ сынап, өңірлерінің намысын қорғады.
Чемпионаттың басты мақсаты – еліміздегі ұлттық ат спортына қызығушылықты арттырып, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, дәстүрлі ат спортын көпшілік спортына айналдыру. Шараға Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев арнайы қатысып, спортсүйер қауымды құттықтап, ойын алаңының көркін қыздыру үшін көкпар тартысына тұлпарларын баптап келген спортшыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ басқарма басшысы ұлттық спорттың туын желбіреткен жігіттердің бұл ісі жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие құралы екенін атап өтті.
«Біріншілік ұлттық спортты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Ұлттық дәстүрді құрметтеп, бай рухани қазынаны әлемге таныту бағытында елімізде ауқымды шаралар атқарылуда. Әсіресе, ұлттық спорт түрінен оның ішінде ат спортын дамыту мақсатында облыста бір орталық, үш балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасауда. Доданың өтуіне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тікелей қолдау көрсетті. Жарыстың жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз», – деп Н.Теңізбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дүбірлі додада спортшылар жамбы ату, теңге ілу, көкпар, дәстүрлі садақ ату, құмай тазыны шырғыға тарту бойынша өзара бақ сынасты. Ал садақ ату сынына облыс спортшыларынан бөлек, еліміздің бес аймағынан мергендер келді. Жалпы ұлттық спорт ұлықталған сайысқа 200-ге жуық спортшы бақтарын сынады.
Қазіргі таңда ұлттық ойындарымызды ел арасында кеңінен насихаттау, оған баулу, саламатты өмір салтын қалыптастыру және ойынның техникасы мен шеберлігін игеруге жастарымыздың қызығушылығын ояту аса маңызды болып отыр. Соның аясында түрлі іс-шаралар қолға алынып, байыпты бастамалар жүзеге асуда. Мәселен, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы «Көкпар» ойынын дамыту, спортшылардың шеберлігін арттыру, өмірлік маңызы бар қолданбалы дағдылар мен жеке қасиеттерді жетілдіру мақсатында «Көкпар» ойынын ұйымдастырып келеді. Еліміздің әр өңірінде ат құлағындай ойнайтын жігіттер серік еткен көкпардан түрлі турнир өткізіліп, ұлттық ойынды халықаралық деңгейде жеткізу жолында жұмыстар атқарылып жатқанын айта кету керек.
Расымен де, көкпар ойыны ел аймағында қарқынды дамып келеді. Жалынды жастар бұл спорт түріне деген қызығушылық танытып, тартысты өнер аламында шеберліктерін шыңдауда. Соның бірден бір көрінісі ретінде Көкпар ойынына келген қонақтар мен еліміздің әр облысынан келген командаларының дайындығынан байқауға болады. Ұлттық спорттың ұлықталып жатқанына тұрғындар да дән риза.
«Шонжы шаңдауытты жер болса да, облыстық чемпионаттың дәл осы жерде өтіп жатқанына ризамыз. Бізден кейінгі өскелең ұрпаққа бұл шара үлгі боларлық іс. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді ауыл тұрғыны Рысдәулет Нақышбеков.
Үш күнге созылған айтулы жарыста Талғар ауданының көкпаршылары жеңіп, 1 миллион теңге ақшалай сыйақыны қанжығаларына байлады. Ал 2-орынның жүлдесі Кеген ауданының спортшыларына бұйырды. Үздік үштіктің қатарынан Ұйғыр ауданының азаматтары көрінді. Бұдан бөлек, жалпы командалық есепте де Талғар ауданының спортшылары өзінің қарсыластарын шаң қаптырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, тиісті дәрежелі диплом, кубок және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Талғар ауданы.