Жуырда Талғар қаласынан Қойгелді батыр Мыңтайұлы атына көше берілді. Ұрпақтарының айтуынша, аудандық орталық аурухананың қарама-қарсы жағындағы көшелердің біріне Райымбек батырдың қанды көйлек жолдасы болған Қойгелді батырдың есімін беру оның өмірге келгенінің 300 жылдығына орай жасалған игі іс дейді ұрпақтары. Қойгелді Мыңтайұлының жоңғар шапқыншыларымен болған шайқаста ерекше ерлік көрсетіп, қан майданға кіргенде қаруды екі қолмен, көз ілеспес жылдамдықпен жауға тойтарыс бергенде Райымбек батыр: «Алыптың ақыры, батырдың соңы Қойгелді қас батыр», – деп ризашылық білдірген екен. Қойгелді батыр жоңғарлармен болған шайқаста Түргенде билік жүргізіп отырған Қорын ханға қарсы және Аласа мен Бұғыты тауының ортасындағы Көкпек жазығындағы Ойрантөбеде Серке ханның жасақтарының көзін жоюда ерлік көрсеткен. Жоңғар басқыншыларымен шайқас кезінде Таушелек пен Жалаңашты билеп тұрған Ағанас пен Арыс қалмақ хандарының Қарға, Төрге батырларына тойтарыс беруде ептілігімен, батылдығымен көзге түскен.
Қас батырдың ерлігін, береке-бірлікке шақырған ақыл, кеңестерін кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра етіп қалдыру мақсатында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бартоғай ауылында Қызылбөрік руынан шыққан Қойгелді батыр Мыңтайұлына арнап Хан Тотас ұрпақтары ескерткіш тас орнатқан. Елін қорғаған батырдың ұрпақ жадынан мәңгі өшпеуі үшін көше атын беруге мұрындық болған немене жиені Оңғарбек Сыдықбек қас батырдың тікелей ұрпағы болған анасының бойынан өр мінезді, асқақ рухты көріп өскенін айтады. Бойындағы ұлт жандылығы мен батылдығын анасының айтқан әңгімесіндегі батырдың биік рухынан дарыған.
Ал Қойгелді батырдың тікелей ұрпағы Данияр Махат 1749 жылы бір айға созылған Ойран төбедегі жоңғарлармен болған шайқаста Қойгелді батырдың асқан ерлігімен көзге түскенін, осы шайқаста жоңғарларды ойсыра жеңіуге үлкен үлес қосқаны жайлы тарихи шындықты әңгімеледі. Аталған шарада игі іс бастаған азаматтарды құттықтаған Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков: «Талғар қаласы бойынша осы жылы 436 көшеге қазақша атау беріледі. Жаңа құрылыс көшелерімен бірге бұрыннан бар көшелердің де атын ауыстырдық. Осы көшелер қатарында Қойгелді батыр, Жолан Омаров атымен аталған көшелер бар. Бұл – үлкен идеологиялық жұмыс. Бұл руға, жүзге бөліну емес, өткенді ұмытпау, өз құндылығымен ұрпақ тәрбиелеу деп ойлаймын», – деген ойын ортаға салды.
Қойгелді батыр көшесіне ескерткіш тақта орнату шарасына осы көшенің тұрғыны Биби Исаева өтінішін айта келіпті. Күн жылы, жер қарада көшемізде су құбырлары жарылып жатыр деген кейуана жауапты азаматтар осы мәселені толығымен шешіп берсе дейді. Аудандық орталық ауруханаға тиіп тұрған көшеде тым болмаса кәріз құбыры да жоқ екен. Жаз айларында жаңбыр жауса әр үйдің кәріз құдығынан шыққан сасық иіс қолқаны қабады. Ал электр бағаналарының жағдайы да мәз емес көрінеді. Үкіметке иек артпай өздері жалғап алған электр сымдары ешқандай ережеге сай емес. Қайшалысқан электр сымдарынан өрт шығуы мүмкін деп қауіптенген тұрғындар өтінішімізді тыңдайтын құлақ жоқ деп налып отыр. Бұл жағдайдан хабар тапқан Қойгелді батыр ұрпақтары аталарының атына берілген көшенің тұрғындарының назын жауапты мекемелерге жеткізуге уәде берді. Қазақ даласын қасық қаны қалғанша қызғыштай қорып өткен ерлердің есімі ұмытылмақ емес. Олар салған сара жол, қалдырған аманат ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қала бермек.
Зоргүл ӘБДІҚАДІР.
Талғар ауданы