Сапалы білім әрқашанда маңызды. Осы ретте соңғы жылдары білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздардың жағдайларына ден қойылды. Мұғалімдердің мәртебесі өсіріліп, жалақылары көтерілді, сондай-ақ бірқатар қоғамдық жұмыстардан босатылды. Әрине, есесіне олардың балаларға беріп жатқан білімдерінің сапасына деген талап та арттылды. Осы ретте бүгінде ұстаздар оқытудың ескі жүйесінен өтіп, әлемдік білім беру үрдісіне сай болуы үшін кәсіби біліктіліктерін түрлі жолдармен арттырып отырады.
Аптаның сейсенбісі күні мұғалімдерінің шығармашылық ізденістерін дамытуына, кәсіби біліктіліктерінің өсуіне аса мән беретін ауданымыздың орталығында орналасқан Қаскелең қаласындағы мектеп-гимназиясы «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» тақырыбындағы II аймақтық форумын өткізді.
Бұл шараның өзгелерден ерекшелігі – оның ұстаздардың балаларды оқыту әдістерін жетілдіруге бағытталмағандығы. Мұнда негізгі назар ұтаздық жолын енді бастаған жас мамандарды тек білім саласына ден қойып, басқа жақтарды ұмытып кетпеуге, жақсы маман ғана емес сондай-ақ тұлға ретінде өсуге шақыру. Оларға ұстаздықпен қатар тағы да өзге іспен айналысуға болатындығын жеткізу.
Ауданымызға қарасты барлық білім ордасының жас мамандары басқосқан шараға Алматы қаласы педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Берік Асубаев, Ғалия Толықбаева бастап келген аталымыш орталықтың тренниг жүргізетін бірқатар мамандары, «Алматы облысының білім басқармасы» Алматы облыстық әдістемелік орталығы директорының орынбасары Қуанышбай Алматай, бас қонақ ретінде жас мамандармен өмірлік тәжірибесімен бөлісу үшін запастағы полковник, ҚР-ның Ұлыбританиядағы бұрынғы әскери атташесі, ауған соғысының ардагері Әжмат Әлімов шақырылды.
Алдымен орталықтан келген мамандар «Табысты қарым-қатынас құпиялары» командалық құрылымы бойынша тренинг өткізді. Психолог мамандар әртүрлі қызықты ойындар, флешмобтар арқылы оларға өзгелермен бірге жұмыс жасаған кезде қандай жағдай болмасын өзін емін-еркін ұстауға, айналасындағы адамдармен жеңіл тілтабысуға болатындығын көрсетіп, форумның негізгі бөлігі басталмас бұрын ұстаздардың бойын бір сергітіп алды.
Мектеп-гимназиясының директоры Қорлан Тұрсынованың алғыс сөзімен ашылған шараның негізгі бөлігінде арнайы шақырылған Әжмат Қамзыұлы өзінің өмір жолы жайында айтып берді. Ол 27 жыл бойы әскери қызметке арнап, тіпті, Ауған соғысына да қатысқан. Алайда сонша жылын, денсаулығын ел қорғанына арнаған азамат лайықты демалысына шыққан кезде өзінің зейтнетақысы 20 мың теңгеге дейін жетпейтінін білген. Мұндай ақшаға отбасын асырай алмайтындықтан, қаражат табудың басқа жолдарын іздей бастаған. Біраз жылдар бірнеше жұмыс жерлерінде істеп, кейіннен жеке кәсіппен айналысуды жөн көрген. Бүгінде ол Қытай елінің медицинасының негізінде жұмыс жасайтын компанияны басқарып, сол елдің жақсы емдеу тәсілдерін Қазақстанға енгізу бойынша бағытта еңбек етуде. Осы және де жетістігіне жетер жолында көрген қиындықтары, бизнеспен айналысуға итермелеген адамдар жайында, өзінің ұстанатын өмірлік қағидалар жайында айтып, жас ұстаздарға қандай салада еңбек етсең де, қосымша көмек болатындай кәсіппен айналасуға болатындығын және жаңа бастаулардан еш қорықпау керектігін түсіндірді. Сондай-ақ кәсіпкер бүгінде шет елде тұрып өз кәсібін домалатып жүрген қазақстандықтар туралы айтып, олардың ынта, талпыныс арқасында жеткен жетістіктерін үлгі ретінде көру керектігін сөз етті.
Форум аясында мәртебелі мейманнан бөлек Алматы қаласы педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Берік Асубаев, «Алматы облысының білім басқармасы» Алматы облыстық әдістемелік орталығы директорының орынбасары Қуанышбай Алматай да сөз алып, жалпы өмірде белгілі-бір нәтижеге жету үшін іздену мен үздіксіз еңбек ету керектігі жайлы ой қозғады.
Шараның екінші бөлігінде келген қатысушылар арнайы жасалған әртүрлі көрмелерді аралады. Сонымен қатар, тақырыптық алаңдарда басқосып, бірқатар мектептің директорларының «Іс-әрекеттегі зерттеуді тиімді жоспарлау «құпиясы», «Жобалық менеджмент: функционалдық сауаттылық және даму», «Шабыттаныңыз және басқаға шабыт сыйлаңыз!» сынды өзекті мәселелерді қозғап, кәсіби идеяларымен бөліскен тәжірибелік сессияларға қатысты.
Жеке тұлға болып қалыптасу, қосымша ретінде бизнестің пайдасы, жаңашылдықтан қорықпау керектігі және тағы да басқа жас маман үшін қажетті ойлар айтылған форум соңы «Менің Сізге тілегім!» атты ұшақ ұшыру рәсімімен тәмамдалды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Қарасай ауданы.