Көктем айында ауа райына байланысты пайда болатын өрттің алдын алуға үлкен мән беріліп, соған байланысты үгіт-насихат жұмыстары күшейтіледі. Ауданымыздың төтенше жағдайлар бөлімі де осындай жағдайлардың орын алмауы үшін өткен аптада рейд өткізіп, қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Күн жылып, көктем шыққалы аудан тұрғындары тазалық жұмыстарына кірісті. Бірақ, шөп пен қоқысты өртеймін деп, бұл іске салғырт қарағандықтан өрт шығу оқиғалары тіркеліп жатыр. Жуырда округтердің бірінде қоқыстың көзін құртамын деген адамның қатесінен қасында орналасқан көрші үйдің өртеніп кеткені соған дәлел. Осы ретте, көктем және жаз айларында орман және дала өртінің көбейетіндігіне орай, өткен аптаның жұмасы күні аудандық төтенше жағдайлар бөлімі Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне апаратын жолдың бойында орналасқан Қаскелең бақылау бекетінің аймағында рейд жүргізді.
– Көктем уақытында тұрғындар аулаларында тазалық жұмыстарын атқарып, жиналған қоқыстардан құтылу мақсатында оны өртейді. Бірақ, оның барысында көбінің қауіпсіздік шараларына бей-жай қарайтындықтарынан тазалық шараларының соңы жазатайым жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл ең бірінші кезекте адамдардың өздеріне, сондай-ақ, сол аймақта мекендейтін жәндіктер мен жануарлардың өмірлеріне қауіп төндіреді. Сондықтан біз қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғаса береді, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Руслан Абдыкапаров.
Рейд барысында бөлім қызметкерлері алдымен бақылау бекетінде тұрған қызметкерлерге өрт қауіпсіздігін болдырмау жайлы кеңінен айтып, ондай жағдайда дер кезінде қандай шаралар жасау керектігін түсіндірді. Мұнан кейін олар осы пункт арқылы өтіп жатқан жолаушыларға өрттің салдары мен оның алдын алу жолдары көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратып, сақтық ережелері жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Әйгерім Қаныбекқызының айтуынша, ауданымызда биылғы жылыту маусымы кезінде 90-ға жуық өрт оқиғасы орын алып, 6 адам жарақаттанып, 7 адам көз жұмды. Осындай жағдайлардын алдын алу мақсатында бөлім қызметкерлері осы уақытқа дейін тұрғындармен 176 жиын өткізіп, қауіпсіздік ережелері жазылған 104500 жадынама таратқан. Сонымен қатар, адамдар шоғырланған жерлерде дауыс ұлғайтқыш құрылғыларының көмегімен 892 ақпарат берілген. Мұнан бөлек, басылым беттерінде 60-қа жуық, әлеуметтік парақшаларда 128 мақала жарияланған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.