Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оны болдырмау еліміздің отбасылық-демографиялық саясатында ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, зорлық-зомбылық өткір әлеуметтік проблема ретінде жәбірленушілердің өздеріне әсер етіп қана қоймайды, сонымен бірге жалпы қоғамдық тұрақтылыққа және әлеуметтік тәртіпке де қауіп төндіреді.
Тіпті, Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында аталған мәселеге үлкен назар аударып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға қатысты нақты жұмыстардың атқарылуы жөнінде тапсырма берген еді. Осы ретте бүгінде елімізде аталған бағыттағы қылмысты болдырмау, алдын алу үшін қарқынды жұмыстар атқарылуда.
Өткен аптада аудандық Полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты А.Анекеева аталмыш жұмыстар аясында көшелер мен үйлерді аралап, рейд жүргізді.
Оның барысында инспектор отбасыларды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеріп, олармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұған қоса А.Анекеева әйелдерге бүгінгі отбасылық зорлық-зомбылықтың соңында – ертеңгі орны толмас қайғылы жағдай тұруы мүмкін екендігін, сондай-ақ ондай кезде полицияға хабарласу ұят емес екенін түсіндірді. Сонымен қатар, әйелдерге отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайында не істеу керектігін, заңды және білікті көмекті дер кезінде алу үшін қандай алгоритмді ұстану керектігі жайлы ақпарат беріп өтті.
Мұнан бөлек шара барысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жұмысы мен акция мақсаты түсіндіріліп, сенім телефондары жазылған нұсқаулықтар таратылды. Отбасында заңды некедегі жолдасы алкогольді өнімді шектен тыс пайдаланып, отбасына маза бермей, үйінен қуып жіберіп, баратын жері болмай қалған жағдайда полиция қызметкерлеріне хабарлау жөнінде кеңестер айтылды. Одан бөлек осындай жағдайға тап болған азаматшаларға дағдарыс орталықтарына орналастыру туралы түсінік жұмыстары жүргізілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.