Қазақстан мектептерінің тәжірибесінде «менторинг» ұғымы жас мамандармен жұмыс аспектісінде біраз уақыттан бері қолданылып келеді. Ал Қарасай ауданындағы Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясында өткен жылдан бастап менторингті жаңа бағыттарда қолға алған болатын. Өткен аптаның сенбісінде аталған білім ордасының ұжымы Алатау баурайында орналасқан «Аul RESORT» демалыс орталығында «Тәлімгерлік – заманауи мектептегі коммуникацияның жаңа дизайны» атты ауқымды педагогикалық идеялар форумын өткізіп, өз нәтижелерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.
2021 жылдың мамыр айынан бастап Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Махамбетованың бастауымен «Mentor School – 2025» жобасы әзірленіп, мұғалім – мұғалім, мұғалім – оқушы, оқушы – оқушы, мұғалім – ата-ана, мектептің татуластыру қызметі атты 5 бағыт бойынша жұмыстар басталды. Оның аясында тек қана мұғалім оқушыға ғана емес, ата-анаға, әріптесіне, тіпті, оқушы оқушыға тәлімгерлік жүргізеді. Аталған бағытта жұмыс істей бастаған мектептің білім сапасындағы нәтижелері бір жыл ішінде айтарлықтай көтерілген. Нақтырақ айтқанда, оқушылардың пәндік олимпиадалардан жүлделі орын алулары екі есеге артса, балалардың оқу үлгерімдері үш есеге жоғарылаған, ұстаздардың ауызбіршілігі артқан, ата-аналар тарапынан болатын түсінбестік жағдайлар екі есеге азайған. Жеке тәжірибе көрсетіп отырғандай, бір жылдың ішінде көптеген жетістікке жеткен Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясы өз тәжірибелерімен бүгінгі өткізілген форум аясында бөлісті. Педагогтардың біліктілігін шыңдауға арналған жиынға аудандағы мектептердің директорлары, ұстаздары және білім беру саласындағы көптеген өзгерістерін ұсынушы мамандар қатысты. Заманауи мектепте жаңа ұғымдар мен құндылықтарды қайта кұруға көмектесу мақсатында өткізілген форумға Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу әдістемелік орталығының директоры Алуа Қабдұлова да арнайы келіп қатысып, жоғары бағасын берді. Ал философия ғылымдарының докторы Алмагүл Қанағатова, бизнес-тренер Нұргүл Құрманова, «Комунити» компаниясының бас директоры, «мінсіз емес ата-ана», «балалардағы soft-skils бағытын дамыту» жобаларының авторы Эльмира Қарманова және «Eurasian center for people management» атты білім беру бағдарламасының жетекшісі Сұлтанбек Қайым сынды спикерлер тәлімгерліктің қазіргі мектептегі білім беру ортасында қолданудың жаңа дизайны бойынша өз жобаларын көпшілік назарына ұсынды.
Түстен кейін аталған мектептің ұстаздары жеке-жеке алаңда менторингті күнделікті жұмыстарында қалай қолданатындықтарын тәжірибе жүзінде көрсетті. Әр жоба бойынша қорғау және көрсету жұмыстарына мұғалімдермен қатар ата-аналар және оқушылар да қатысты. «Цифрлық технологияларды сабақ барысында қолдану», «Педагогикалық лайфхактар», «Мектептегі инклюзивті сабақ беру» және тағы да басқа осы сынды тақырыптарда таныстыру жұмыстары жүргізілді. Шараға қатысқандар ауыл мектебінде осындай істің атқарылып жатқанына таң қалыстарын білдірді. Өйткені қатып қалған қағидамен, бір типте сабақ беретін ұстаздардың жүйесін бұзған Алмалыбақ ауылындағы орта-мектеп гимназиясының атқаратын жұмыстары әлі де алда. Форум соңында белсенді қатысқандар мен спикерлер марапатталып, Алғыс хаттарға ие болды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.