Кеше «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы ғимаратында аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.
Жиын барысында Қаныбек Құлжабайұлы әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын алға тартқан тұрғындардың жағдайына мұқият назар аударып, түйткілдер түйінін тарқатуға тырысты. Қабылдауға келген қарасайлықтардың тарапынан қойылған сауалдардың дені әлеуметтік мәселелер төңірегінде болды. Мәселен, «Жігер – М» мүгедек спортшылар федерациясының жетекшісі Тәжіғали Ходжамұратов мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инватакси саны көбейтілсе және де түрлі жарыстарда ауданымыз бен еліміздің намысын қорғап жүрген мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арнап микроавтобус берілсе деген өтініш білдірді. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда спортшылардың жаттығып жүрген «Дельфин» кешенінің әкімшілігімен келісіп, жаттығу уақытын ұзартып беруді өтінді. Мұнан бөлек ол әкімдік тарапынан көмек көрсетіліп, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған жеке штаб ашылса деген тілегін де жеткізді. Аталған өтініштерді мұқият тыңдаған Қаныбек Айтжанов міндетті түрде көмек көрсететінін жеткізді.
Сондай-ақ, қабылдау барысында бірқатар басқа да азаматтардың жеке мәселелеріне байланысты өтініштері тыңдалып, тиісті жауаптар берілді. Алдағы уақытта ол мәселелерді қажетті шешімін табудың жолдары жекелей жағдайда іздестірілетін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.