Жас ұрпақтың терең білім алып, қарым-қабілеттерін шыңдау жолында біздің елімізде көптеген арнаулы білім ошақтары жұмыс істейтіні мәлім. Алайда, оның озат оқушысы атану үшін олар арнайы сынақтан өтуі қажет. Бұл, әрине, білім сапасының көрсеткішін сипаттайды.
Жақында осындай мектептердің келесі оқу жылына қабылдануы үшін конкурстық іріктеу өткізілді. Білімділердің бәйгесін «Дарын» республикалық ғылыми-прак-тикалық орталығы ұйымдастырып, Алмалыбақ ауылындағы Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиясында 5,6,7 сынып оқушыларынан оффлайн режімде тест қабылдады.
Сынаққа Алматы облысы бойынша 312 бала өтініш білдірген. Емтиханға оның 266-ы ғана қатысып, екі лекке бөлініп білімдерін сарапқа салды. Іріктеу конкурсын комиссия құрамы қадағалады. Оның төрайымы «Дарын» РҒПО филиалының басшысы Сара Құдабаева болса, қалған мүшелері БАҚ өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ата-аналар кеңесі арасынан алдын ала бекітілді. Олардың әрқайсысы оқушылардың басым көпшілігі отыратын спорт залы мен үш аудиторияны бақылап жүрді. Сонымен қатар, бұл сынақтың әділ өтуіне кезекшілер де атсалысып, тест ережесіне сай түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сынақ тапсырушы оқушылар Ш.Смағұлов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатында, Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын әл-Фараби атындағы және Қарғалы №2 гимназиясында, сондай-ақ, Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында білім алуы үшін тестілеуге қатысты.
Конкурс профилактикалық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай өткізілді. Оқушыларға өзімен бірге жеке сауалнамасын, медициналық маска, су және қалам алып кіруге рұқсат берілді. Әр аудиторияда бейнебақылау камералары тікелей эфирде жұмыс істеп тұрды.
Тесттің қорытынды нәтижелері https://qabyldau.daryn.kz/ сайтында жарияланды. Мамандандырылған мектепте білім алуы үшін үміткерлер әр мектептің бөлген бос орындарына сәйкес ең жоғары бала санымен қабылданады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.