Бүгінге дейін қоғамда жойылмай келе жатқан қауіпті дерттің бірі – жемқорлық. Бұл әрбір саланың дамуына кедергі келтіретін тосқауылдардың қатарында тұр. Осындай қауіпті кеселдің алдын алуын және адам өміріне қатері мол екенін түсіндіру үшін бүгін Қарасай ауданының Мәдениет үйінде «Жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында тренинг өтті.
Іс-шараны аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ұйымдастырды. Жиынға ауданға қарасты әр саланың өкілдері және мемлекеттік қызметшілер арнайы қатысты.
Жиын барысында алдымен бейнеролик арқылы пара алудың жолдары түсіндірілді. Одан кейін аудандық Мәдениет үйдің директоры Болатхан Кеңесханұлы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбында баяндама жасап, атап айтқан қоғамдық дерттің пайда болу тарихына тоқталды. Сонымен қатар Мәдениет үйіне қарасты «Саңыраулар» қоғамдық клубының меңгерушісі Әйгерім Мәметекова «Заңмен жазаланған жемқорлық» жайлы ой-пікірін ортаға салып, онымен күресу жолдарын түсіндірді. Одан бөлек ол сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлау арқылы сыйақыға кенелу жағын айтып, оның қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
Тренинг барысында залға келген қонақтарға психологиялық сұрақтар қойылып, ойындар ойнатылды. Осылайша бүгінгі тренингте отбасылық құндылықтың маңыздылығы, жемқорлықтың бас бостандығымызға нұқсан келеті жайлы айтылды.