Айдарымыздың аясында бұл жолы біз кәсібін кеңейткісі келетіндерге арналған «Сыбаға»бағдарламасы жайлы сөз қозғайтын боламыз. Тарих беттерінен-ақ қазақ халқы, ертеден мал шаруашылығымен айналысып, бұл саланы ата кәсіп санағаны белгілі. Бүгіндері де халық өмірінде өзінің маңыздылығын жоғалтпаған ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, көптеген жұмыстар атқарылуда. «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында іске асырылған «Сыбаға» бағдарламасы да осындай шаралардың қатарына жатады.
Бұл бағдарлама – өзінің жеке кәсібі ретінде мал шаруашылығын таңдап, мал өсірумен айналысатын, оның басын көбейте түсем деушілерге арналған үлкен мүмкіндік. Ол кәсіпкердің өз иелігіндегі малдың тұқымын ет бағытында асылдандыру арқылы мүйізді ірі қара малының өнімділігін арттырып, оның өзіндік құнын арзандатуды, мал басын өсіріп, осы шаруа саласында қосымша жұмыс орындарын ашуды көздейді. Шаруашылықтарға бағдарлама бойынша несие берумен қаржы институты, яғни, «Аграрлық несие корпорациясы» мен несиелік серіктестік айналысады. Айта кетейік, аталмыш несие тек мал шаруашылығымен айналысатын, оның ішінде етті бағыттағы ірі қара өсіруші жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына, фермерлік шаруашылықтарға беріледі. Оның шарты бойынша, несие ретінде берілген қаржы етті бағыттағы сиырлар мен бұқалар алуға жұмсалуы қажет, сондай-ақ, мал шаруашылығына қажетті жабдықтарды сатып алу үшін де ұсынылады. Бұдан бөлек, айналымдағы қаражатты толықтыруға да жағдай бар. Яғни, қаражат арқылы шаруаларда малмен ғана шектелмей, техника мен қажетті жабдықтарды, мал азығын сатып алуға мүмкіндік бар.
«Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының менеджері Елена Константинованың айтуынша, бұл бағдарламаның ерекшелігі – ауылдықтарға негізгі қарыз бен пайыздарды төлеу бойынша 2 жылға дейін «каникул» ұсынылады. Мәселен, кәсіпкер шетелден осы тұқымды мал әкелсе, ол екі жыл несиені төлеуді тоқтата алады. Осы уақыттың ішінде әкелген малы есейіп, бордақылау алаңдарына тапсыруға жарап қалады. Яғни, несие алушыға табыс әкеледі. Екіншіден, несиені өтеу мерзімі 15 жыл, одан бөлек, үстемақы көлемі 4% дейін азайтылды. Тағы бір жақсы жағы – бұл бағдарлама аясында берілетін несиенің мөлшері шектелмеген. Егер де Сіз осы «Сыбаға» бойынша несие алғым келеді десеңіз, ең бірінші кезекте өзіңіз тұрып жатқан қала немесе аудандағы «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінгеніңіз жөн.
Қарыз алушыға қойылатын негізгі талаптарға келетін болсақ, жалпы несие алғысы келетін кәсіпкерде жеткілікті кепілдік база және өзге кіріс көздері болуы қажет. Кепілдік мүлік ретінде ауылдық жерлердегі құжаттары заңды тіркеуден өткен, жағдайы қанағаттанарлық барлық құрылыс нысандары, автотехникалар қабылданады. Бірақ, қойылған кепілдік мүліктің құны алынған несиенің 130 пайызын жабуға жеткілікті болуы қажет. Ал, несие алуға ниетті азаматтан төлем қабілеттілігі, қаржылық тұрақтылығы, салыққа, бюджетке, өзге де міндетті төлемдер бойынша соңғы 3 айда қарызының болмауы, малды өсіруге қажетті инфрақұрылым, қора-жайы, суат көзі, мал жайылымы, қорасында бұрыннан бағып, өсіріп отырған малының болуы талап етіледі. Мал басы, қора-жайы, жайылымы жоқ, жаңадан құрылған шаруа қожалықтарына «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие берілмейді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.