Қаскелең қаласындағы Абай орта-мектеп гимназиясында ұстаздарының мақалаларынан құралған «Табыс кілті – білікті ұстазда» атты әдістемелік жинақтың тұсаукесері өтті.
Балалардың шығармашылығын дамытып, жан-жақты дамуы ұстаздарға байланысты екендігі сөзсіз. Осы негізде Абай орта-мектеп гимназиясының ұстаздары заман талабына сай жаңа оқыту үлгілері мен технологиясын қолдана білуді дұрыс жолға қойған. Бұл білім ошағынан аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жүлдегер атанып жүрген оқушылар да бар. Жетістіктері көп шәкірттерді тәрбиелеп жүрген білім ордасының директоры Тұрсын Сайбырованың бастамасымен өз тәжірибелерімен бөлісу мақсатында «Табыстың кілті – білікті ұстазда» атты теория мен практика қамтылған ғылыми мақалалар мен инновациялық тәсілдер енгізілген жинақты жарыққа шығарды. Өткен аптада аталмыш білім ошағының ғимаратында әдістемелік жинақтың тұсаукесері салтанатты жағдайда аталып өтті. Жиынға ауданымыздағы білім саласының ардагерлері Мәрия Мұқанова, Ақылия Бекбаева, Баян Мұхамедиярова, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркімбаева және мектеп директорлары қатысты.
Жиналған қауым жинақтың жарыққа шығуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.