Келешекке жоспар құрып, атқарылатын істерге себепкер болатын елдегі халық санағы жақында аяқталғаны белгілі. Әр өңірде жүзеге асқан бұл статистикалық іс-шараға жергілікті басшылық та өз үлестерін қосып, оның сәтті болуын қадағалады. Осындай жауапты жұмыстың лайықты деңгейде өтуіне ықпал еткен Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев «Статистика үздігі» төсбелгісімен марапатталып, ерекше құрметке бөленді.
Мәртебелі марапатты осы аптаның алғашқы күнінде Алматы облысы статистика басқармасының басшысы Азат Хамитов аудан әкімі Жандарбек Ермекұлына арнайы табыстап, ыстық ықыласын білдірді. Азат Нұрхасенұлы өз сөзінде Жетісу өңірі бойынша халық санағын Қарасай ауданы ең сәтті аяқтап, алдыңғы қатардан көрінген ауданның бірі екенін түсіндірді. Мемлекет үшін маңызды істің атқарылуын бақылау қашанда бағаланатынын айтқан департамент басшысы Қарасай ауданының әкіміне ерекше алғысын жеткізіп, алдағы ісіне сәттілік тіледі.
Құрметке бөленген Жандарбек Ермекұлы бұл ауқымды шараның өз деңгейінде өтуі ұжымдық бірліктің арқасы екенін айтты. Бұл ретте аудандық статистика басқармасының басшысы Дина Нүпбаеваның жауапкершілігі жоғары бағаланды. Аудан әкімінің айтуынша, білікті басшының ұтымды ұйымдастыруымен халық санағы ойдағыдай аяқталып, нәтижелі болған.
Өз тілшіміз.