Биыл 8 қараша күні елімізде статистика саласының құрылғанына 100 жыл толғалы отыр. Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі, кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Осыдан-ақ, бұл сала қызметкерлеріне артылған міндеттің ауқымды екендігін көруге болады. Міне, осындай маңызды салада елеулі еңбек етіп, зейнетке шыққан Амангүл Қалиева жайлы әңгімелейміз.
Амангүл Әскерқызы Іле ауданының Жәпек батыр ауылында 1960 жылы дүниеге келіпті. Ал, 6 сыныпқа аяқ басқан кезінде Күрті ауданының (қазіргі Іле ауданы) Ақши ауылындағы Ленин мектебіне ауысып, орта мектепті осы жерде тәмамдаған. Аманкүл әпкеміз сол кездегі үздік жоғарғы оқу орындарының қатарында болған Мәскеу қаласындағы К.А.Тимирязев атындағы академияда «ауыл шаруашылық саласындағы экономист ұйымдастырушы» мамандығы бойынша диплом алыпты. Күрті ауданындағы ауылшарушылық басқармасына аға экономист болып орналасады. Содан кейін, әр жылдары Күрті ауданындағы комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, Іле ауданының ауылшаруашылық бөлімінде маман, Т.Бокин атындағы совхозда бас экономист, «Бент» АҚ есепші қызметтерінде болған.
Осылайша қаржылық саланың қыр-сырын жетік меңгерген Амангүл Әскерқызы 2004 жылы қазыналы Қарасай ауданына қоныс аударып, статистика басқармасында маман қызметіне орналасады. Ал, 2009-2015 жыл аралығында Ұмтыл ауылдық округінінің әкімдігінде бас маман ретінде істеген тәжірибесі де жетерлік. 2015 жылдан бастап басқармаға қайта оралып, жемісті жұмыс істейді. Қызметіне жауапты, қай саланың болмасын экономика мен есебін бірден іліп әкететін біліктілігі тағы бар. Бұл ретте де өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Амангүл әпкеміз аудандағы статистика мекемесінде Нина Шевелева, Ардақ Дүйсенғалиева және Дина Нүпбаева әр жылдары басшылық қызметте болған жандардың арқасында жұмысты да ұтымды ұйымдастыра білді. Оларға айтар алғысы да шексіз.
Статистика органдары экономика, әлеуметтік және демографиялық инди-катор, ауыл шаруашылығы мен халық тұрмысы секілді түрлі салалар бойынша халықаралық талаптарға сай объективті және толық мәлімет бере алады. Сондықтан бір қызметкердің барлық саланы қамтуы мүмкін емес, әрқайсысына жауапты маман бар. Мәселен, Амангүл әпкеміз өзінің білім алған мамандығы – ауыл шаруашылық саласының статистикасына жауапты болды. Аудандағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығын зерттеу институты, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, «Қазақстан құстары», «Алатау» сынды құс фабрикалары және басқа да мал және егін шаруашылықтарының өнімдері мен зерттелген жұмыстарын жыл сайын есепке алып отырды. Мемлекет статистикалық мәліметтер бойынша түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік алады. Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді. Сондықтан да статистердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді. Тіпті, оны басқа да ғалымдар өз зерттеулерінде, тәжірибесінде қолданатынын ескерсек, статистиканың біздің өмірімізде алар орны зор екенін байқаймыз.
Жүз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанның статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Жылдағы өзгерістерге тез бейімделіп, заман ағымына қарай жұмыс істей білген Амангүл Әскерқызы өткен жылы құрметті демалысқа шыққан болатын. Ұйыған айрандай ұйымшыл ұжымға білікті, білгір маман ретінде өз орнын ала білген кейіпкеріміз әріптестерінен әлі қол үзбеген, араласып тұратын көрінеді. Аудандық статистика басқармасы мерекелік кештер мен салтанатты жиындардан қалдырмай, ілтипат білдіріп тұратынын да қуанышпен айтып берді.
Амангүл әпкеміздің анасы Райхан апамыз алты баланы дүниеге әкелген алтын құрсақ ана. Ал, өзі екі баланы тәрбиелеп өсірді. Ұлы Ғазиз «Алматы» ЖК компаниясында жауапты маман болса, қызы Жансая – Алматы қаласында «Қазақтелеком» АҚ-да маман.
Өз саласы бойынша еңбегін сіңіре білген Амангүл Әскерқызы облыс, аудан әкімдері мен облыстық статистика департаментінің басшыларының Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталған.
Бұрым ОРЫНБАСАР.