Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрлігі «Болашақ» Қауымдастығымен бірігіп, «Startup «Bolashak»: Менің Арманым» байқауының төртінші маусымының басталды. Бұл туралы Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.
Байқаудың мақсаты-жастардың әлеуметтік маңызды жаңашыл идеяларын қолдау. Проблеманы шешудің баламалы жолдарын, жаңа идеяларды ұсыну қабілетін көре білуді анықтау. Қазақстандық жастардың әлеуметтік белсенділігін, сыни ойлауын және шығармашылық әлеуетін анықтау және дамыту.
Байқауға 16 мен 29 жас аралығындағы кәсібін жаңадан бастаған немесе өз кәсібін бастағысы келетін жас кәсіпкерлер қатыса алады. Іріктеу кезеңі еліміздің 16 өңірінде өтеді. Қатысам деушілер www.meninarmanym.kz веб-сайт арқылы онлайн қатысуға өтінім жібере отырып, жобаға кіре алады.
«Аталмыш жоба Жетісу мемлекеттік университетінде екінші жыл өткізілуде. Өткен жылы байқауға республика бойынша 8000 мың өтінім келіп түскен. Жетісу мемлекеттік университетінің 4 білімгері ақтық мәреге жетіп, бүгінде жеңіп алған қаржыларының арқасында өздерінің жобаларын іске асыруда. Бизнес идеяларын іске асырғысы келетін жастарды байқауға қатысуға шақырамыз»,-деді І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерциялау кеңсесінің директоры Дигай Дамир.
Айта кетейік, өткен жылы байқауға Алматы облысынан 250 адам қатысқан. Олардың 35-і ширек финалға, 16 жартылай финалға, 4 жоба финалға шыққан.