Қазақстан Республикасында құқық үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың сотқа деген сенімін нығайту сот жүйесінің тиімді қызметіне тікелей байланысты. Сот төрелігін жүзеге асыратын судьялардың тәуелсіздігімен қатар, соттардың ұйымдастырушылық қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметі де ерекше маңызға ие. Олардың заң талаптарын сақтауы, мемлекеттік қызметтің қағидаттарын ұстануы және жоғары кәсіби әдептілігі сот билігінің беделіне тікелей әсер етеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес сот төрелігі заңдылық, тәуелсіздік және әділдік қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. Осы қағидаттарды іске асыруда сот аппараты қызметкерлерінің кәсіби әрі адал қызметі маңызды орын алады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес соттардың ұйымдастырушылық қызметін Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі және оның аумақтық бөлімшелері қамтамасыз етеді.
Сот аппаратының мемлекеттік қызметшілері Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының талаптарына сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып табылады. Олар мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарын сақтауға міндетті, атап айтқанда, заңдылық, халыққа қызмет ету, кәсібилік, адалдық, ашықтық, меритократия, мемлекеттік қызмет әдебін сақтау.
Бұл қағидаттардың сақталуы мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін қамтамасыз етеді.
Сот жүйесінде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер заң талаптарын бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа тартылады. Олардың жауапкершілігі бірнеше түрге бөлінеді.
Тәртіптік жауапкершілік мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы немесе мемлекеттік қызмет әдебін бұзуы нәтижесінде туындайды. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге, қызметтік тәртіпті сақтауға, мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексінің талаптарын орындауға міндетті. Тәртіптік теріс қылық жасаған жағдайда оған заңнамада көзделген тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
Егер мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген құқық бұзушылық жасаса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімдерін бұзу, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін сақтамау немесе заңмен белгіленген өзге де міндеттерді орындамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметші лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны, пара алғаны немесе бергені, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алғаны немесе ысырап еткені, қызметтік жалғандық жасағаны және сыбайлас жемқорлық сипатындағы өзге де қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сот жүйесінде мұндай құқық бұзушылықтар сот билігінің беделіне елеулі нұқсан келтіретіндіктен, олардың алдын алу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып табылады.
Еңбек заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметші өзінің кінәсінен мемлекетке келтірілген материалдық зиянды өтеуге міндетті болатын жағдайлар да көзделген.
Сот жүйесіндегі мемлекеттік қызметшінің кәсіби жауапкершілігі құқықтық талаптарды сақтаумен ғана шектелмейді. Ол қызметтік және қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуы тиіс. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерден сыпайылық пен әдептілікті, бейтараптықты, әділдікті, азаматтармен қарым-қатынаста құрмет көрсетуді, қызметтік ақпараттың құпиялылығын сақтауды, мүдделер қақтығысына жол бермеуді талап етеді. Бұл талаптардың сақталуы сот органдарының ашықтығы мен беделін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мемлекеттік қызметшілерге бірқатар шектеулер белгілейді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметші қызметтік өкілеттігін жеке мүддесіне пайдаланбауға, заңсыз сыйақы қабылдамауға, мүдделер қақтығысына жол бермеуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға міндетті. Сот жүйесінде бұл талаптардың орындалуы азаматтардың сотқа деген сенімін қалыптастырудың негізгі факторларының бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының сот жүйесінде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі – заңдылықты қамтамасыз етудің маңызды кепілі. Олардың қызметі тек ұйымдастырушылық сипатта болғанымен, сот төрелігінің сапасына, азаматтардың құқықтарының сақталуына және сот билігінің беделіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даярлығын арттыру, заң талаптарын қатаң сақтау, Әдеп кодексінің қағидаттарын бұлжытпай орындау және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру сот жүйесінің тиімділігін арттырудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Н.АЛДЕШОВ,
Алматы облысының қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының сот отырысы
хатшысы.

