Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің қатары мүлдем азайып бара жатыр. Кеудесін оққа тосқан батырлар арамыздан алыстағанымен, оларға деген құрмет ешқашан жоғалмайтыны белгілі.
Биылғы Жеңістің 78 жылдығын атап өту бақыты Қазақстан бойынша 237 ардагердің ғана маңдайына жазылыпты. Бұл ресми деректі жақында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі жария еткен болатын.
Ал көзі тірі батырлардың үшеуі біздің Қарасай ауданында тұрып жатыр. Олар –Адиш Абдраимов, Чайке Ыдырысов және Павел Половой.
Ел қорғаған қарияларды қадірлеу, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Мемлекет тарапынан оларға әдеттегідей қаржылай қолдау еш ұмыт қалған емес. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай республика бойынша біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Оның көлемі – 1,5 млн теңге.
Біздің қарасайлық ардагерлердің әрбіріне де дәл осындай тиісті ақша беріліп, сый-құрмет көрсетілді. Одан бөлек басқа санаттағы соғыс зардабын көрген адамдар да мереке аясында біржолғы әлеуметтік көмекке ие болды.
Атап айтар болсақ, бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты мүгедек болған 40 әскери қызметшіге 100 мың теңге, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жараланған немесе мүгедек болып қалған бұрынғы КСР Одағы мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарында жұмыс істеген бір адамға 100 мың теңге, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған бір адамға 60 мың теңге, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 20 жесіріне 30 мың теңгеден, 44 тыл еңбеккеріне 30 мың теңгеден, Чернобыль апатынан зардап шеккен 49 азаматқа 150 мың теңгеден, Тәжікстан-Ауғанстан учаскесіндегі ТМД шекарасын күшейтуге үлес қосқан 84 әскери қызметшіге және Ирактағы халықаралық бітімгершілікке қатысқан жалғыз азаматқа 150 мың теңгеден, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан 22 азаматқа 150 теңгеден, сонымен қатар ақпан айында Ауған соғысына қатысқан 248 азаматқа 150 мың теңгеден берілді. Бұл ресми деректі Қарасай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мәлім етті.
Жеңіс күнінің қарсаңында жоғарыда атап өткен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен азаматтарға мемлекет тарапынан осылай құрмет көрсетілді. Елдің қорғанына айналған қайратты жандардың батырлық әрекеттері қашанда үлгі болып қала бермек.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.