Шерханның есімі бүгінгі таңда қарасайлықтарға ғана таныс емес, бүкіл елге танымал десек, артық айтқанымыз болмас. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы әлемге де әйгілі болғанын ескере кету керек. Неге десеңіздер, «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасында орындаған «Молдабайдың әні» арқылы Шерхан Арыстан дүниежүзінің 100 елінде көрсетілетін «The voice.Kids» мегажобасының топ ондығына енген еді.
Қарасайдың мақтанышы шілде айында өткен «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасында финалистердің қатарынан табылғаны белгілі. Туған жері – Шамалғанға оралғаннан кейін Шерхан Арыстан бір студияда тәлім алатын әрі жоғарыда атап өткен отандық байқауда бірге бақ сынаған Камила Сағымбай екеуі Ақтөбеде өткен «Baqytty bala» байқауына аттанды. Бұл фестивальдің басты мақсаты – «Junior Eurovision» әлемдік жобасына қатысатын қазақстандық жас өнерпаздың есімін анықтау.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылған «Baqytty bala» вокалдық жарысында жерлестеріміздің асығы алшысынан түспегенімен, жас өнерпаз Шерхан Арыстан әлем жұлдызы Димаш Құдайбергеннің ата-анасы – Қанат, Света Айтбаевтардың сүйікті әншісі атанып, «Дәстүрге адалдық» арнайы жүлдесі мен 200 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болды.
Шерхан Арыстанның осындай жарқын жеңістері мен жемісті жетістіктері өнердегі ұстазы Қалбибі Абдуллаеваның темірдей тәртібі мен әншілік бағытындағы талабының арқасы деп білеміз. Талай шәкірттерін шыңдаған Қалбибі Абдуллаева Шерханды 4 жасынан бастап өнерге баулып келеді. Ұстазының айтуынша, жас әншімен алда әлі талай атқарылатын жұмыстар күтіп тұр. Оның бәрі уақыттың еншісінде екен.
Шерханның тәлімгері Қ.Абдуллаева шәкірттерін қашанда қолдайтын, демеушілік көрсететін жомарт жандардың жақсылығын ұмытқан емес. Әсіресе, жақында өткен «Baqytty bala» байқауына Қаскелең қаласының әкімі Асқар Өкенұлының көмегі көп тиген. Қалбибі ұстаз қала басшысының осылай өнерге жанашырлық танытып, өнерпаздарға шынайы қолдау көрсеткеніне ризашылығын жеткізуде.
11 жастағы Шерхан Арыстанның анасы Эльнара Серікқызы баласының әншілікке баулығанына еш өкінбейді. Бүгінде оның өнердегі ұстазы Қалбибі Абдуллаеваға айтар алғысы шексіз. Өнер иесінің студиясына алғаш қызығып, 4 жастағы ұлын осы орталыққа бергенін әлі ұмытқан емес. Осылайша үйдің ортаншысы Шерхан Арыстан отбасында жалғыз өнерге жақын баланың бірі болды. Қазіргі таңда Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясында білім алады. Анасының айтуынша, Шерханның музыкадан бөлек, басқа да пәндерге қызығушылығы бар, үлгерімі жақсы.
Шерханның өнер жолындағы жеңістері мұнымен тоқтамайды деген үміттеміз. Ауданның атын асқақтатып қана қоймай, талай белестерден көрініп, ән әлемінде қанаты талмай, биікке самғайтынына кәміл сенеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.