Еліміздің оңтүстік астанасында жыл сайын өтіп тұратын ұзақ қашықтықтағы марафонға үзбей қатысып келе жатқан салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатарында біздің шекарашыларымыз да бар.
Негізі, шекарашылардың спортқа жақындығы ешкімге таң емес. Өйткені, ел шебінің қызметі осыны талап етеді. Ал, қаладағы спортсүйер қауымды өзіне магнитше тартатын марафондардан ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіндегі біздің бірқатар шекарашы әріптестеріміз де қағыс қалған емес. Бұл – майорлар Абай Сапаров, Алмас Болатханов, Ернар Исанов және Балжан Мадраимовалар.
Солардың ішінен департамент бөлімшесінің бастығы майор А.Сапаровтың жеңіл атлетикадан жинаған тәжірибесі мол. Бұлай дегеніміз, офицер алып шаһардағы 42,2 шақырымдық марафонға 2017 жылдан бері үзбей қатысып келеді. Өзі ҰҚК Шекара академиясының түлегі. Ал, шекарашылар академиясының спорт түрлеріне, оның ішінде жеңіл атлетикаға аса мән беретіні белгілі.
Қуанарлығы сол, майор А.Сапаровтың тұла бойы тұңғышы 15 жасар Алихан да 2018 жылдан бері марафоншы. Екінші ұлы Ералы да жеті жасынан бастап желаяқ атанған.
– Қазақ атам «Әкеге қарап ұл өсер» деп бекер айтпаса керек, Ұлдарымды салауатты өмір салтын ұстануға үйрету үшін «Мен секілді жаса» қағидасын ұстанып, марафонға қатысуды бастадым. Қазір 42 шақырымға жүгіремін… Ұлдарым да әкелерінен қалысар емес. Бұл мені қуантады, – дейді майор А.Сапаров.
… Майор Ернар Исанов қала халқы ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен желаяқтар қатысатын «Алматы-марафон» шарасына 2019 жылдан бері қатысып келеді. Бұған қоса, офицер өзі білім алған ҰҚК Шекара академиясының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған велошерудің қатысушысы. Десек те, өзінің хобби – қолы қызметтен қалт еткенде тау-тасқа өрмелеу, әсем табиғаттың аясында серуендеу көрінеді. Бүгінге дейін марафондарға қатысып, 10 медаль таққан біздің әріптесіміз әзірге 21,1 шақырымды місе тұтса, мұны болашақта 42,2-ге дейін жеткізуді алдына мақсат етіп қойған.
,,,Ал кезекті желаяғымыз майор Алмас Болатханов жүгіруді өткен жылдан бастапты. Сондықтан офицердің қоржынында әзірге үш медаль бар. Қаланың тайлы-тұяғы қалмай қатысатын марафонға Алмас әу баста інілерін спортқа баулу үшін барған көрінеді. Есесіне, ол тау десе елеңдеп, мұнар тау мен мұзарт шыңды аңсап тұратынның нақ өзі. Бұл – офицердің тау ішінде қызмет атқару кезінде тастан-тасқа ортекедей орғып кете беретінін білдірсе керек-ті…
… Ерлердің арасындағы жалғыз қызғалдақ – майор Балжан Мадримованың да «Алматы-марафон» ауқымды жарысына қатысқанына көп өтпепті. Өткен жылдың қазан айында желаяқтардың сапына қосылған ол әзірге 10 шақырымдық қашықтықты басып өткені үшін үш медалдің иегері атанған.
Алматы облысы бойынша департаментінің салауатты өмір салтын ұстанған марафоншылары туралы әзірге айтарымыз осы! Олар туралы мақаламызды алдағы уақытта да жалғастыратынымызға бек сенімдіміз.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА.
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.