Іле өзенінің бойындағы Таңбалы шатқалында орналасқан «Жартасты қала – Астана» атты оқу-жаттығу полигонында «Қазқұтқару-2023» халықаралық кешенді тактикалық оқу-жаттығулары өтті. Құтқарушылар арасындағы дәстүрлі жарысқа биыл тек түркі елдері ғана қатысты. Бір аптаға созылып, қыркүйектің 20-сында аяқталған шарада бауырлас елдерден келген құтқарушылар дайындықтарын пысықтап, өзара тәжірибе алмасты. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қапшағай аймағында жыл сайын өтетін оқу-жаттығу машықтары бұл жолы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылдың 16 наурызындағы «Дүлей зілзалаларды, төтенше жағдайларды басқару және гуманитарлық көмек» түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде айтылған бастамасы шеңберінде өткізілді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың басшылығымен өткен «Қазқұтқару-2023» халықаралық оқу-жаттығуына биыл алғаш рет Мажарстан мемлекеті қатысты. Ал түркиялықтар бақылаушы ретінде келген. Бұдан бөлек Түркі елдері ұйымының өкілдері – Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жасақтары құтқару көпсайысында өзара сынға түсті.
– Жылда өтетін «Қазқұтқару» жиыны біздің министрлікке қарасты жеке құрамдардың, департаменттердің қызметкерлерінің, құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің жұмыстарына оң ықпалын тигізіп келеді. Өйткені мұндай оқу-жаттығу кезінде бір-бірінің озық тәжірибелерін алмасуға мүмкіндік туады. Басқалардың қалай жұмыс істейтінін, әдіс-тәсілдерін, алгоритмін біліп, керегін қолдануымыз қажет. Адам өміріне, табиғатқа қауіп төнгізетін әр түрлі апаттар көбейе түскен бүгінгі уақытта бұл аса маңызды, әрі бәрімізге өте пайдалы. Бұдан мамандардың біліктілігі артып, жұмысы нәтижелі бола түседі. Мәселен, биыл жойқын зілзалаға байланысты Түркиядағы құтқару жұмыстарына қатысқан қазақстандық құтқарушылар тобы өте жоғары деңгейдегі дайындығын көрсетіп, туысқан түрік елі мен Президентінен жоғары баға алды. Біз халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп жатырмыз, бұл жолғы тәжірибе алмасу да құтқару жұмыстарының сапасына оң әсер ететіні сөзсіз, – деді сала министрі Сырым Шәріпханов оқу-жаттығулардың салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде.
Алматы облысы табиғи және техногендік сипаттағы апатты аймақ екені белгілі. Сол себепті жаттығулардың осы өңірде өтуі маңызды. Бұл төтенше жағдайлар қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, шеберліктерін шыңдауға таптырмас орын болып саналады. Өңір басшысы сала қызметкерлеріне арнаған құттықтау сөзінде қай уақытта болсын, құтқарушы мамандығының мәртебесі биік екенін атап өтті.
– Су тасқыны, өрт апаттарында халық ең бірінші сіздерден көмек күтеді. Біздің өңір таулы-тасты, сулы да нулы өлке. Ең бастысы халық саны көп және туристер толассыз келетін табиғи нысандар да аз емес. Сондықтан мұндай жерде құтқарушылар қызметінің маңызы зор. Облыс аумағында құтқарушылардың осындай бірегей оқу-жаттығу полигонының болуы да кездейсоқ емес. «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында құтқарушыларды жан-жақты дайындауға барлық мүмкіндіктер жасалды. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді Марат Сұлтанғазиев.
Халықаралық оқу-жаттығулардың барысында қираған ғимараттар мен құрылыстарда, таулы жерлерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, әуе және теміржол көлігінде, химиялық қауіпті нысанда болған апаттарды жою, өртті сөндіру және акваторияда зардап шеккендерді құтқару бойынша авариялық-құтқару қызметтерінің көрсетілімдері өтті. Бірнеше күнге созылған жарыс кезінде әр елден келген құтқарушылар түрлі жағдайлардағы іздестіру-құтқару жұмыстарында шеберліктерін байқаса отырып, өзара тактикалық тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ алғашқы күні отандық құтқарушылар қызмет барысында қаза тапқан әріптестерінің рухына құрмет көрсетті. Жалпы елімізде төтенше жағдайлар қызметі құрылғалы бері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде азаматтық қорғау органдарының 69 қызметкері мен әскери қызметшісі қаза тапқан екен. Оларға арнап Таңбалы шатқалында қойылған мемориалдық ескерткіш-тақта сол күні министрдің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Құрбан болғандардың есімдері қашалып жазылған тақталар орналастырылған үлкен қара жартас бұдан былай соларға тағзым ету орнына айналатын сыңайлы.
Солардың бірі марқұм полковник Қанат Өмірқұлов болатын. Ол Ұзынағаш ауылында орналасқан №28237 әскери бөлімінде взвод командирінен бөлім командиріне дейінгі лауазымдарды атқарған. Жиында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен әріптестері және замандастары өздерінің марқұм болған қарулас-жақындары туралы естеліктерімен бөлісті. Осыған байланысты Жамбыл ауданының тұрғыны Раушан Жанасбаева өз ризашылығын былайша білдірді: «Мен Қанат Өмірқұловтың әпкесімін. Қанат інім нағыз патриот азамат болатын. Отанына деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Қызметтік міндетін адал атқарды. Әр таңын сол әскери бөлімде атырып, күнін сонда батыратын. Бауырымның еңбегін елеп, құрмет көрсеткендеріне алғысым шексіз. Министр мырзаға, Қанатым қызмет еткен әскери бөлімнің басшылары мен ұжымына мың да бір рахмет!», – деді.
Айта кетсек, Алматы облысының әкімдігі өңірде орналасқан құтқару бөлімшелерінің, оның ішінде «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жан-жақты көмек көрсетеді. Бұл полигон көліктің барлық түрлерін және авариялық-құтқару жабдықтарын қолдана отырып, құтқарушыларды кәсіби даярлауға арналған. Сондай-ақ Қапшағай су қоймасында құтқарушы-сүңгуірлерді дайындауға бейімделген оқу орны бар.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.