Таяуда тағайындалған ауданымыздың жаңа әкімі Жасұлан Естенов ауданның өзекті мәселелерімен жан-жақты танысу аясында кеше Шамалған ауылдық округінің халқымен жүздесті.
Округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Молбаев ашқан жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен тұрғындар қатысты.
Кездесуде көтерілген өзекті мәселелердің бірі – ауыз су жетіспеушілігі. Шамалғандықтардың айтуынша, бүгінде округ бойынша тарайтын судың қысымы өте әлсіз, әрі бір қалыпты жұмыс істемейді. Ауыл тұрғындарының көбінде егіндіктері бар болғандықтан құбырлардан келген су көшенің бас жағына жетсе, соңындағы үйлерге тек тамшылап қана келеді екен. Жиналғандардың суға байланысты айтқан наразылықтарын естіген Жасұлан Тоққожаұлы ауыз су мәселесі толықтай тек «Қаскелең су топтамасы» жобасы іске қосылғанда шешілетіндігін айтты. Нақтырақ айтқанда, аудан басшысы 2024 жылы аталған топтамадан Шамалған мен Жандосов ауылдары сумен қамтамасыз етіліп, су қысымы жөнге келетіндігін түсіндірді.
Тағы бір көтерілген мәселе мектепке баратын көшелерде жарықтың жоқтығы болды. Осыған байланысты наразылықтарын білдірген тұрғындар сол көшелермен кешкі уақытта балалалар тұрмақ, ересектер жүруге қорқатындықтарын айтты. Бұған аудан басшысы ең алдымен мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік маңызды мекемелерге апаратын көшелер ең бірінші кезекте жарықпен қамтамасыз етілу керектігін тілге тиек етіп, округ әкімі Ержас Тоқтасыновқа осы мәселені қолға алып, жақын арада шешуді тапсырды.
Мұнан бөлек жиында біраз уақыттан бері шешімін таба алмай отырған газ мәселесі де сөз болды. Анығырақ айтқанда, округ тұрғындары бүгінде оларды газбен қамтамасыз етіп отырған «Сигма» ЖШС бағаны тым қымбаттатып жібергенін жаңа құрылыстар мен округ маңындағы саяжайларға газ қосу үшін 700 мың астам ақша талап ететіндігін айтып, аталмыш компанияның басшылығымен сөйлесіп, бағаны ретке келтіріп берулерін сұрады. Шамалғандықтарды біраздан бері мазалаған газ мәселесін Жасұлан Естенов өзінің назарына алып, алдағы уақытта «Сигма» ЖШС-нің басшылығымен кездесіп, мәселені шешу жолдарын қарастыратындығын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, кездесуде сөз алған ауыл тұрғындарының барлығы округ әкімі Ержас Тоқтасыновтың жұмысына өте риза екендерін айтып, аудан басшысынан алдағы сайлауда өздерінің әкімдерін қалдыруды сұрады. Бұған аудан әкімі бұл мәселенің шешілу жолы тек тұрғындардың өз қолдарында екенін түсіндірді.
Жалпы жиын барысында жоғарыда айтылған мәселелерден бөлек шамалғандықтардың өзге де сан сауалдары жан-жақты талқыланды. Жасұлан Тоққожаұлы осы жиында айтылған мәселелердің барлығы да назарға алынып, келесі жылдың бюджетін жоспарлаған кезде бәрі де ескеріліп, кезең-кезеңімен шешілетіндігін жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.