Қарашаның 5-інде облыстағы әкім сайлауы өткен екі ауданның бірі – Жамбыл ауданы. Алматы іргесіндегі үлкен ауданның әкімі болуға үш үміткер тіркелген еді. Олар – Базарбаев Жанғали Мұратбекұлы, Ертас Нұрлан Ертасұлы және Шортанбаев Ғани Мұқанұлы. Бұл кандидаттар алдын ала өздерінің сайлауалды бағдарламаларын жариялап, саяси шарада жеңіп шығу үшін сайлау заңнамасына сай тиісті жұмыстар жүргізген болатын.
Жамбыл ауданының әкіміне үміткер Нұрлан Ертасұлы 1980 жылы 2 шілдеде Алматы облысының бұрынғы Күрті ауданы Ақши ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Қазақ Мемлекеттік Аграрлық университетінің ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін бітірген. 2003-2005 жылдары жеке құрылымдарда жұмыс істеді. 2005 жылдан бастап өзін мемлекеттік қызметке арнады. Жамбыл ауданында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші, бас маманы, бөлім басшысы, Теміржол және Мыңбаев ауылдық округтерінің әкімі, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының басшысы, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2021 жылғы 15 мамырдан бастап Жамбыл ауданының әкімі болды.
Келесі кандидат Ғани Мұқанұлы 1965 жылы 4 тамызда Жамбыл ауданы Ақтерек ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1989 жылы осы ауылдағы «Ақтерек қой» кеңшарында ветеринар-санитар болып бастаған. Келесі жылы аталған шаруашылықтағы №3 бөлімшеде, 1994 жылы №2 бөлімшеде, ал 1996 жылдан «Ақтерек» өндірістік кооперативінде мал дәрігері болды. 1998 жылдан Ақтерек ауылдық әкімшілігінің мал дәрігері болып жұмыс істеді. 2000 жылғы шілдеден Ақтерек ауылдық округіне бас маман-малдәрігерлік қадағалу инспекторы қызметін атқарды. 2003 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жамбыл аудандық аумақтық басқармасының ветеринариялық бөлімінің жетекші маманы лауазымына тағайындалды. 2004-2010 жылдары Ақтерек ауылдық округінде жетекші маман-ветеринарлық инспектор, лицензиялық мал дәрігері қызметтерін атқарды. 2012-2016 жылдары Жамбыл ауданының ветеринарлық стансасының Ақтерек округі бойынша ветеринарлық пунктінің меңгерушісі болды. 2016 жылдан бастап Ақтерек ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келді.
Әкімге үміткер Жанғали Мұратбекұлы 1973 жылы 20 шілдеде Дегерес ауылында туған, білімі жоғары. 1995 жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын «мал дәрігері», 2000 жылы Қордай ауыл шаруашылық колледжін «агроном», 2009 жылы Алматы Экономика және статистика академиясын «экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1995-1997 жылдары «Дегерес» асыл тұқымды жылқы зауытында №2 бөлімшенің ветеринарлық санитары, мал дәрігері болып бастаған. 1999-2001 жылдары Қордай шекаралық ветеринарлық бақылау пунктінің бас маманы, мемлекеттік инспекторы, 2001-2005 жылдары Жамбыл ауданында ветеринарлық инспектор, 2005-2007 жылдары Жамбыл ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2007-2011 жылдары Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі, 2011-2016 жылдары Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары болды. 2016-2018 жылдары ауданның ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы, 2018-2020 жылдары Беріктас ауылдық округінің әкімі, 2020-2022 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған. 2022 жылдың сәуірінен Жамбыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы лауазымын атқарды.
Алматы облысының аумақтық сайлау комиссиясының хабарламасы бойынша Жамбыл ауданының әкімін сайлаудың мынадай қорытындылары белгілі болды: Базарбаев Жанғали Мұратбекұлы үшін сайлаушылардың 4413, Ертас Нұрлан Ертасұлы үшін – 58661, Шортанбаев Ғани Мұқанұлы үшін – 4142 дауысы берілді. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 678.
Сайлау қорытындысы бойынша Жамбыл ауданының әкімі болып Нұрлан Ертас сайланды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.