Тіл – қарым-қатынас құралы, адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. «Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген. Қазіргі таңда елімізде тіл мәдениетінің көкейтестілігі арта түсті. Ал қазақ халқының тіл келешегі қазіргі жастарда, сол жастардың бүгінгі таңда тілді қолдану жағдайы қандай жағдайда екендігін осы мақаламызда зерделеп көрмекпіз.
Жастар арасында сәнге айналған сленг атауы ағылшынның «slang», «jargon» сөздерінен шыққан. Былайша айтқанда, әлеуметтік диалект. Мағынасы қарап тұрақты сөз тіркесіне теңеуге болады, бірақ, бұл сөздер не сөздердің жиынтығы ешқандай фонетикалық және грамматикалық жүйеге бағынбайды. Тек лексикалық мағынасы ғана болады. Әдетте, сленгтер өзге тілден енген сөздер не ешбір грамматикалық заңдылықсыз қысқартылған сөздер болып келеді. Ағылшын не орыс тілдерінде сленгтер бұрыннан қолданылатын болса, қазақ тілінде мұндай сөздердің дамуына әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің көптеп қолданылуы серпін берді. Мұны жастар «сәнді сөлеймін» деп мақтаныш көрсе, аға буын «қазақ тілінің шұбарлануы» деп айыптайды. Сленгті не үшін қолданады? Жастар арасында сөйлеу кезінде жалпы қолданыстағы сөздерге орысша жалғау жалғап, өз тілімізде баламасы бола тұра кірме сөздерді шектен тыс көп пайдаланып, оның үстіне тағы қазақша қосымша жалғап, тіпті тарихи қалыптасқан сөйлемнің орын тәртібін бұзып қолданып жүргендері бар. Жастар дағдысына қарай бұндай сөздерге өте оңай бейімделеді, әрі оларды кез келген жағдайда қолдана береді. Мысалы: күлкі – угар; арзан – фуфло; мас – бухой; скилл – дағды; сәнді – гламурный. Сонымен қатар, жасөспірімдер жиі қолданатын орысша жаргон сөздер: мажор, мажорик –байдың балалары, кент (дос), мазя (бәрі жақсы), синяк (маскүнем), нарик (нашақор), батя (әке), мамка (ана), атака (ата), ажека (әже) т.б.
Қазіргі заман ғылым мен технологияның қарыштап дамып, өте жоғары деңгейге жеткен шағы, соған сай сана өркениеті өрістеп биіктеп барады. Бір анығы, адамның санасы, дүниетанымы жоғарылаған сайын қоғам да өзгереді. Таңның атысы, күннің батысы әлеуметтік желіде отыратын жастар ұзақ жазуға еріне ме, әлде мұның өзге себебі бар ма, әйтеуір, жаргондармен қысқа ғана жазуға құмар. Тіпті сонымен қатар, ғаламтордағы кейбір жазбалардан тыныс белгілерді мүлдем таба алмайсың. Ал енді бірі сөйлемнің басын, адамның атын үлкен әріппен жазу деген ережені мүлдем ұмытқан. Бұл олардың қол және көз дағдыларына әсер етіп, сауатты жазу дағдысын жояды. Ең сорақысы, көпшілік жастар сөзді орфоэпиялық норма бойынша таңбалайды: Мысылы: көрватырм – көріп отырмын, болватр – болып жатыр, табалмайатырм – таба алмай отырмын, нестеватсын – не істеп жатырсың? кеатырм – келе жатырмын, қаяқтасың – қай жақтасың? невоқалд – не болып қалды? келет – келеді, келшиш – келсеңші, болшиш – болсаңшы, бош –болшы.
Бірақ бұған көз жұмып қарауға мүлдем болмайды. Өйткені ғаламтор пайдаланушылар қазақ тілінің тілдік нормаларын сақтамауы жастардың сауатсыздыққа бой үйретуіне әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Байқағанымыздай, бұл мәселеге бас ауыртатындар көп емес ең қорқыныштысы, тілді шұбарлау оны білмеуден де қатерлі екен. Ғ.Мүсіреповтің «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген аталы сөзі бар. Бұған қарап, «бүгінгі қазақ жастарының бәрі өз тілімізге өгей болғаны ма?» деген сауал пайда болады.
Уақыт өте келе интернет арқылы өзгеріске ұшыраған тіл мәдениетінің нормалары бұзылып, жаппай сленг, жаргон, арго тәрізді дисфемизмдермен ластануы мүмкін. Жаһандану дәуіріндегі жан-жақтан ретсіз келіп жатқан ақпараттар тасқыны жастардың санасын осындай паразит сөздермен улап жатқаны айқын. Бүгінгі жастар сленгтер мен жаргондарды әртүрлі себептерге байланысты қолдануы мүмкін: әсер қалдыру, елден ерекше болу, өзгелер түсінбеу үшін, белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету үшін, кейде әзіл ретінде де айтып жататындары бар.
Түркі тілдерінің ішіндегі ең бай, ең сұлу, ең көркем, мәнді де мағыналы тіл – қазақ тілі екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, біздің көкейімізге ең алдымен Елбасымыздың: «Біз тегіміздің – Түркі, дініміздің – Ислам, тіліміздің – қазақ тілі екенін ешқашанда ұмытпауымыз керек!» деп ұрпаққа салмақты ұран тастаған өсиет сөзі оралады.
Тіл – асыл қазына, рухани мұра. Халық үшін тілден асқан байлық бар деудің өзі астамшылық болса керек. Олай болса, ана тіліміздің жарымжан сөздермен былғанбай таза сақталып, сауатсыздыққа жол бермей, өркендеп өсуіне үлес қосу кез-келген қазақ азаматының міндеті.
Бұрым ОРЫНБАСАР