Бүгінде Алматы облысына қарасты Мәдениет үйлерінің жанынан құрылған 12 театр бар болса, оның ішінде «халықтық» атағы жоқтар мен жаңадан құрылған ұжым өз алдына еңбек етуде. Жақында дәл осы өнер адамдары Қарасай ауданындағы Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде бас қосып, «Театр шеберлерінің шығармашылығын дамыту» тақырыбында облыстық әдістемелік семинарға қатысты.
Айтулы шараны Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастырғанын айта кету керек. Ой алмасу, ортақ пікір айтылған жиынға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, бүгінде Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының театр ұжымдарының жұмысын үйлестіруші әдіскері қызметін атқарып жүрген Асқар Наймантаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы, «Драма.кз» атты заманауи драматургия фестивалінің жетекшісі, өнертану кандидаты Амангелді Мұқан арнайы шақырылды. Өнер адамдары бір ортаға тоғысқан басқосуды Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ерұлан Жебегенов жүргізіп отырды.
Семинар барысында алдымен Асқар Наймантаев шеберлік сағатын жүргізіп, театр ұжымдарына сахнаға шығу тәртібі мен сахна сауаттылығы жайлы түсіндірді. Одан кейін өзінің «Конферансье» және «Халық театрының қалта кітабы» деп аталатын авторлық кітаптарын әдістемелік-құрал ретінде таныстырып, актерлерге таратып берді. Ал театртанушы Амангелді Мұқан драматургия тақырыбында әңгіме өрбітіп, режиссерлерге бірқатар сахнада қойылатын драмалардың тізбегін ұсынды.
Сонымен қатар, бұл жиында театр ұжымының бүгінгі жағдайы, олардың мәртебесі, фестивальдерге қатысу шарты, кәсіби деңгейде шыңдалуына қатысты сұрақтар талқыланды. Ашық пікір талас туып, айтылған ойлар ортаға салынды.
Шығармашылықты дамытуды сөз еткен Асқар Наймантаев семинардан кейін осындай өнерлі жандардың басқосуы жайлы сөз етіп, мұндай кездесулердің пайдалы екенін түсіндірді.
– Облысымыздың еншісінде бүгінгі таңда 12 театр бар. Олардың бәрі жаңадан құрылып жатқандықтан, әрбірінің айтар ойы, шешілмеген проблемасы болады. Ал Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және облыстық халық шығармашылығының орталығы аталған мәселелерді шешуге ықпал етеді. Сондай-ақ осындай кездесулер арқалы актерлердің кәсіби деңгейлерін дамытып, сахналық сауаттылығын қалыптастыру керек. Бұл кездесуіміздің басы ғана. Алда әлі талай жиындар болады, – деп белгілі актер Асқар Әбдіғалымұлы ойын жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.