SDU университеті – бүгінде білім беру сапасымен алда тұрған жоғары оқу орындардың бірі. Соңғы уақытта білім ордасы өнертапқыш студенттерімен де ерекшеленуде. Солардың бірі – мұндағы болашақ инженерлер. Олар өз қолдарымен автокөлік құрастырып, халықаралық жарыста топ жарған. Білімгерлер ойлап тапқан отандық өнімге жақында университетке арнайы келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев риза болып, алдағы істеріне табыс тіледі.
Команданың атауын «N1 Racing SDU» деп атаған автокөлікті құрастырушылар – аталған оқу ордасындағы инженерлік және жаратылыстану факультетінің студенттері. Топтың капитаны Елнұр Өтепбайдың айтуынша, жанармайсыз жүретін көлікті құрастыруға «Формула студент» атты студенттердің арасында өтетін әлемдік жарыс себеп болған. Десе де жас өнертапқыш бұл жобаны жүзеге асыруды Тараз қаласында колледж қабырғасында оқып жүргенде армандаған. Кейін білімін жетілдіру үшін әрі ойындағысын жүзеге асыру мақсатында СДУ университетіне оқуға түскен. Бүгінде команда жетекшісі Елнұр Өтепбай өзі сияқты инженерия саласын серік еткен білімгерлерді осы жобаға тартып, автокөлік құрастырған. Осылайша Ресейде өткен «Формула студент» халықаралық жарысына қатысқан. Нәтижесінде байрақты бәсекеде Қазақстанды Орталық Азиядан келген алғашқы ел ретінде танытып, командасымен топ жарған. Сондай-ақ «Формула студент» мектебінің оқу грантын жеңіп алған. Айта кетейік, «Формула студент» халықаралық студенттер жарысын Автомобиль инженерлері қауымдастығы («Automotive Engineers Society») ұйымдастырады. Бұл бастама – инженерлік және автоспорт салаларын дамыту бағытында өткізілетін студенттік жоба. Білімгерлер осы жарыста бақ сынау үшін өздерінің көліктерін құрастыруы тиіс.
– «Формула студент» деген 1987 жылдары басталған әлемдік жарыс болып табылады. Ал Қазақстан 2014 жылдан бері оған бара алмай жүрді. Осыған қатысу арманым болатын. СДУ-ге түсудегі мақсатым да осы еді. Өйткені мұнда автокөлікті құрастыру идеясын қолдайтын мамандар және мүмкіндіктер бар. Бір жағынан: «Неге қазақстандық инженерлер көлік, ұшақ сияқты дүниелерді шығармайды?» – деген сұрақ туындады. Жалпы Орталық Азия бойынша «Формула студент» жарысына алғашқы қатысқан команда біз болдық. Мұнда бағымызды сынау үшін көлігімізді құрастыруға төрт ай шамасында уақыт кетті, – дейді команда капитаны Елнұр Сәкенұлы.
Өнертапқыштың сөзіне сүйенсек, «Формула студент» әлемдік жарысына тек қана көлікті құрастырып қана жарысу міндеттелмеген. Ол жақта инженер ретінде еңбегің бағаланып, қаржылық тиімділік, құрылғының әрбір бөлшегіне жұмсаған уақыт, конструкторлық, технологиялық, кадрлық мәселелер назарға алынады. Осылардың барлығы ескеріліп, жеңіске жету жолы бағаланады.
Автокөлікті құрастыру бойынша қаржының жұмсалатыны белгілі. Өйткені жанармайсыз қозғалатын құрылғыны ойлап табуға ұшқыр ойдан бөлек, ақшаның да маңызы бар. Бұл ретте «N1 Racing SDU» командасының жетекшісі Елнұр Өтебай бюджеттің қалай жұмсалғанын және кімдер қолдау білдіргенін айтып өтті.
– Бұл көлікті құрастыруға 2,5 млн теңге ақша жұмсалды. Мұндай қаржының жиналуына команданың мүшелері барынша үлес қосты. Сонымен қатар СДУ университеті 1 млн теңге көлемінде қолдау білдіріп, бізге оқу ғимаратының жертөлесіндегі «технопарк» кеңістігін пайдалануға рұқсатын берді. Бұл жерде біздің бүкіл идеямыз ортаға салынып, жүйелі жұмысымыз атқарылады, – деп түсіндірді студент.
Елнұр жетекшілік ететін команданың құрамында бүгінде өзінен бөлек тағы алты студент еңбек етуде. Осы ретте ерекше айта кететін жайт, бір ғана көлікті құрастыруға осынша білімгер үлес қосса, бұл бағытта жұмыс істейтін әлемнің басқа командалары 100 шақты адаммен автокөлікті ойлап табуға күш жұмсайды екен. Алдағы уақытта Елнұр ең мықты деген болашақ инженерлерді өз қатарына қосып, жемісті еңбек етуді көздейді.
Команданың белді мүшесі болып табылатын Диас Қабдуалиев – көліктің электроникасын бір кісідей білетін білімгер. Автокөліктің бүкіл бөлшектері мен жұмыс істеу принципін жақсы меңгерген. Оның айтуынша, бұл көліктің қуаты 5 кВт-қа тең, яғни, 10-15 аттың күші бар. Орташа жүріспен сағатына 30-40 шақырымды бағындыра алады.
– Көлікте арнайы аккумулятор орнатылған. Оны шамамен 5-6 сағаттай қуаттаймыз. Ал энергия алмасуы шынжыр арқылы жүзеге асады. Яғни, электрлі мотор арқылы автокөлік қозғалады. Бөлшектері арнайы тапсырыспен алынады. Кейбірін іздеп табамыз. Құрылғыны өзіміз зерттеп, ойлап тапқандықтан, бұзылған жерін жөндеу бізге қиындық тудырмайды, – деп көліктің құрылымын Диас жан-жақты түсіндірді.
Команда капитаны Елнұр Өтебай алдағы уақытта бұл жобаны жан-жақты жетілдіруді мақсат етеді. Ең бастысы – осы қарқынды бәсеңдетпей, келесі жылы екінші автокөлікті құрастыру. Айтуынша, оған едәуір ақша қажет. Шамамен 20 млн теңгедей. Өйткені енді құрастырылатын құрылғыда бөлшектер сапалы, мықты болмақ. Мәселен, бұл көлік тоқпен жүргендіктен, оны жауын-шашыннан қорғайтындай материал болуы тиіс. Яғни, судың өтіп кетпеуі қадағаланады. Сонымен қатар соққыға төтеп беретіндей көліктің қаңқасы берік болуы керек. Осы сияқты көлікке арналған басқа да сапалы керек-жарақтары ескеріледі. Ал ондай жағдайға жеткізу үшін әрине қомақты ақшаның қажеті білінеді. Сондықтан Елнұр бастаған команда алдағы уақытта отандық өнімді қолдайтын демеушілерді іздейді.
– Басты мақсатымыз – екінші көлікті құрастыру. Сондай-ақ болашақ инженерлердің қабілеттерін жан-жақты дамыту. Қазір аталған бағытта жұмыстарды істеп жатырмыз. Осы салаға қызығатын студенттерді іріктеп, идеяларын бірге жүзеге асыруды қолға алудамыз. Оларға автокөлікті құрастыруды үйретіп, жарысқа дайындаймыз. Осылайша инженерлер өздерінің еңбектерін шетелде көрсетіп, есімдерін қалыптастырады. Кейін автомобиль құрастыратын мықты компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Соңында біздің елімізге оралып, осы саланы дамыту бағытында еңбек етуі тиіс, – деп команда жетекшісі Елнұр Өтебай негізгі мақсаттарының бірін түсіндірді.
Өнертапқыш студенттердің алдағы ісіне сәттілік тілейміз! Еңбектері бағаланып, осы жолда жұмыстары жемісті болсын демекпіз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.