Қазақстанның бірнеше аймағындағы саяжайлардың бәрі ауыл мәртебесін армандайтыны ақиқат. Оның ішінде Алматы облысына қарасты аудандардың бар екені айтпасақ та белгілі. Соның көп бөлігі Қарасай жерінің аумағында орналасқан.
Бүгінгі таңда ауданда саяжайлардың жалпы саны 200-ден асады. Оның әрбірінің құқықтық мәртебесін анықтап, елді мекеннің құрамына кіргізу күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналған. Халықты алаңдатқан бұл жағдайға қатысты жұмыстар соңғы уақытта жүйелі жүргізуде. Бастамасы да жаман емес деуге болады.
Қарасай аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта аудан көлеміндегі барлық ауылдық округке қарасты елді мекендердің бас жоспарын өзгертіп, оның шекарасына жақын маңдағы саяжайларды кіргізу жөнінде Алматы облыстық Сәулет және қалақұрылысы басқармасына тиісті өтінім беріліп қойған. Барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешілуде.
Әзірге көңіл қуантарлық бастаманың нәтижесі – Елтай ауылдық округіне қарасты Жармұхамбет ауыл аумағының өзгеруі. Атап айтқанда, қазіргі таңда облыстық Сәулет және қалақұрылысы басқармасының тапсырысы бойынша Жармұхамбет елді мекенінің бас жоспары әзірленіп, оған жақын орналасқан саяжай алқаптарын кіргізу арқылы түзетулер енгізілді.
Аталған ауылдың бас жоспарын түзету нәтижесінде Жармұхамбеттің шекаралары нақтыланып, инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым саласын дамыту көзделді. Сонымен қатар қолданыстағы құрылыс нысандары мен болашақ даму перспективаларын ескере отырып, аумақты кешенді қалақұрылысы тұрғысынан дамыту қамтамасыз етілу жоспарланып отыр.
Бұл ретте тағы да аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің ресми дерегіне сүйенеміз. Белгілі болғандай, саяжай алқаптарын елді мекен құрамына енгізу жұмыстары жер пайдалануды ретке келтіру, аумақты қалақұрылысы құжаттарына сәйкестендіру және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес елді мекенді одан әрі дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылған.
Соның нәтижесінде Жармұхамбет ауылының бас жоспарына екі бау-бақша серіктестіктерінің кооперативі енгізілді. Атап айтқанда, олардың бірі 120 отбасы тұратын, 16,7 га жер көлемін қамтитын атауы жоқ саяжай болса, екіншісі – 5,717 га аумақта 50 тұрақты тұрғыны бар «Күншырақ» деп аталатын жеке массив.
Осылайша Жармұхамбет ауылының бас жоспары бойынша жалпы аумағы 717,57 га құрап отыр, оның ішінде 187,88 га қолданыстағы болып саналады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

