Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары елімізде, оның ішінде Қарасай ауданында да тазалық пен абаттандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Аптаның сейсенбісі күні осы мәселеге байланысты Әйтей ауылдық округі әкімдігінің мамандары «Өмірұзақ» ықшам ауданында кезекті рейдтік тексеріс пен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өткізілген шараның басты мақсаты – елді мекендегі санитарлық талаптар мен абаттандыру ережелерінің сақталуын қадағалау, тұрғындардың жауапкершілігін арттыру және ауыл тазалығын қамтамасыз ету.
Ағымдағы жылдың шілде айында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің тиісті бұйрығымен елімізде абаттандырудың жаңартылған әрі күшейтілген қағидалары ресми түрде күшіне енген болатын. Жаңа құқықтық нормаларға сәйкес ендігі жерде әрбір жеке тұрғын үй мен коммерциялық нысан иесі өз аумағына іргелес жатқан 5 метрлік алаңның санитарлық тазалығы мен ұқыптылығына тікелей жауапты болып бекітілді. Осы ретте іргелес аумақта тұрмыстық немесе құрылыс қалдықтарын, қураған шөптер мен арамшөптерді, сондай-ақ әртүрлі тұрмыстық заттар мен бұйымдарды ұзақ уақыт бойы рұқсатсыз үйіп сақтауға қатаң тыйым салынған.
Бекітілген жаңа қағидаларды өңірде жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында Қарасай ауданының барлық ауылдық округінде арнайы рейдтік тексеру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Апта сайын жергілікті әкімдіктердің мамандары өздеріне қарасты аумақтардағы тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды аралап, тазалық нормаларының сақталуын жіті тексереді. Осы бақылау барысында қандай да бір құқық бұзушылық немесе санитарлық талаптардың бұзылуы анықталса, заңнама аясында ескерту жасалады немесе хаттама толтырылып, айыппұл салынады.
Абаттандыру талаптарын тиімді бақылау үшін әкімдік мамандары заманауи цифрлық технологиялармен, яғни арнайы бағдарлама жазылған планшеттермен қамтамасыз етілген. Бұл жүйе құқық бұзушылықтарды оқиға орнында жедел тіркеуге және оны дерекқорға енгізуге мүмкіндік береді. Кезекті тексеріс пен түсіндіру жұмыстары осы аптада Әйтей ауылдық округіне қарасты «Өмірұзақ» ықшам ауданында жалғасын тапты. Рейд барысында әкімдік мамандары әрбір үйді аралап, тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстар жүргізді. Тексеру нәтижесінде ауласының іргесіне қоқыс үйіп, тазалық сақтамаған кейбір тұрғындарға алғашқы ескертулер берілді. Ал оны ескермеген азаматтарға әкімшілік айыппұлдар салынды.
Әйтей ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Елзат Нұрәділұлының берген мәліметіне сүйенсек, заманауи бағдарламамен жабдықталған планшеттер қолданысқа енгізілгелі бері тәртіп пен тазалық талаптарын бұзған 30 тұрғынға қатысты ресми хаттама толтырылған. Сонымен қатар әрбір рейдтік шара барысында кемінде 4-5 тұрғынға алғашқы ескерту жасалып, заңнама талаптары мен абаттандыру ережелері кеңінен түсіндіріліп отырады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде өзінің жалғасын табатын болады.
Айта кету керек, шілде айының 1-нен бастап елді мекендердің тазалығына салғырт қарап, жауапсыздық танытқандар үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Енді өз ауласы мен қоғамдық кеңістіктің тазалығын қамтамасыз етпеген азаматтар заң алдында жауап беретін болады. Жаңартылған талаптарды бұзған жеке тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл қарастырылған. Ал егер осы заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, онда айыппұл көлемі 30 айлық есептік көрсеткішке, яғни 129 750 теңгеге дейін өседі.

