Ауылымыздың гүлденуі – еліміздің гүлденуі. Халықтың рухани, мәдени әлемі оның дәстүрлі өнерінен көрініс табады. Еліміздің еңсесі мен мерейін көтеретін саланың бірі – өнер мен спорт. Осы салалар өркендеп, дамыған жерде, жақсылық мол. Қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз қай уақытта болмасын қымбат әрі қастерлі. Адамға рухани күш сыйлайтын дүниелер ауылдардан бастау алып жатады. Дәл қазіргі уақытта ауылдардағы Мәдениет үйлерінің ахуалы біршама жақсарып, өрісін кеңге жая бастағанын орнымен айта кеткеніміз жөн болар.
Облыс орталығынан шалғай биік таулардың қойнауына қоныстанған Кеген ауданында 10 Мәдениет үйі, 4 ауылдық клуб, 13 кітапхана жұмыс жасайды. Кеген халық театры, «Ереуіл» халықтық фольклорлық-этонографиялық ансамблі бар. Былтыр Кеген халық театры облыста өткен халықтық атағы бар және жаңадан құрылған театрлар байқауында бас жүлделі болды.
«Ел іші – өнер кеніші» деп дәстүрлі әнші Гүлбақыт Баймұханбет жетекшілік жасайтын Саты ауылдық Мәдениет үйі туралы орнымен сөз етуге болады. 2011 жылы салынып, пайдалануға берілген Мәдениет үйінің 180 орынды көрермендер залы бар. Өнер ордасында домбыра, «Балауса», «Гүлдер» атты би, қол өнер секілді бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Домбыра мен биге Гүлбақыт Баймұханбет жетекшілік етіп, өзі үйретіп келеді.
Мәдениет үйінде Ермұрат Жамалбек көркемдік жетекшісі болып еңбек етуде. Ұлттық өнерді биік ұстап, жұрттың талғамына сай туындылар жасап келе жатқан «Көлсай көлдері» атты әжелер ансамблі, «Ерке наз» атты балғын бишілер тобы құрылған.
Ауылдағы әртүрлі шаралардың көркі мен келбеті, сәні мен салтанаты болып келе жатқан «Көлсай көлдері» атты әжелер ансамблі туралы бірер сөз. Ансамбльге Гүлсім Рақымбаева жетекшілік етеді. Он саусағы өнерге толы. Мәдениет үйінің жанындағы қолөнер үйірмесінде ынтасы бар қыз балаларға үйретері көп. Өзі дәл осы Мәдениет үйінің жанында қарапайым еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан екен. Енді, міне, зейнет жасында да құр отырмай, әжелер ансамблінің тізгінін ұстап келеді. Оның тағы бір мүшесі Салтанат Байсуанова туралы да орнымен айта кеткен жөн. Қолөнерінің шынайы шебері. Қолының емдік қасиеті бар. Өзінің актерлік қабілеті басым. Балалары, немерелерін сүйіп отырған бақытты ана. Ансамбльдің көркін кіргізіп жүрген Несіпхан Әбілқайыр мен Жанар Манасұрова – ауылдағы «Алтын алқалы» аналардың бірі. Көп балаланы өмірге әкеліп, солардың қызығы мен қуанышын кенеліп отырған жайлары бар. Гаухар Сасанова да 4 баланың анасы. Немерелерін аялап жүрген асыл ана. Ансамбльдің бір мүшесі Топаргүл Мұқаметқызы Саты ауылдық әкімдікте жұмыс істейді. Гүлсім Рақымбаева жетекшілік жасайтын «Көлсай көлдері» әжелер ансамблінің репертуарында көбінесі халық әндері орын алған. Ән патшасы Шәмші Қалдаяқовтың, Ескендір Хасанғалиевтің, Нұрғиса Тілендиевтің және жергілікті сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Жақсылық Әбдірамановтың әндері үлкен ықыласпен орындайды. Сол үшін де ансамбль мүшелері Саты ауылы тұрғындарының ыстық ықыласына және құрметіне, жүрекжарды алғысына ие болып келеді.
Бүгінде ауылдағы мерекелік шараларды, түрлі кештерді көркемдеп жіберетін дәл осы асыл әжелер мен балғын бишілер. Саты ауылы көрікті Көлсайға баратын үлкен жолдың бойына орналасқан іргелі мекен болғандықтан аталған Мәдениет үйінде туризмге қатысты маңызы бар халықаралық деңгейдегі басқосулар, конференциялар жиі өтіп жатады. Өткен жылдың аясында Мәдениет үйінде Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдызбен жүздесу өткізілді. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Серік Қалиевпен өткен кездесу де әсерлі болды. Оның сыртында «Жырлайды жүрек», «Туған өлкем» атты ән байқауылары, «Жігіт сұлтаны», келіндер байқаулары өрнегін тапты. Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ерке наз» балғын бишілер тобының концерттік бағдарламасы да ел жүрегіне жылы ұялады. Рас, Көлсайға баратын жолдың бойындағы Мәдениет үйі әрдайым шуақты шараларына толы. Ары-бері өткен қонақтар өнер ордасына көз сала кетеді. Арнайы бұрылып, көрушілер де жоқ емес. Олар үшін Гүлбақыт Баймұханбет бастаған мәдениет қызметкерлерінің ұсынар дүниелері қашан да дайын. Ауылдың өнері мен мәдениетін дамытуға сіңіріп келе жатқан еңбектері елеусіз емес. Былтыр Балалар жылы аясында «Біз бақытты баламыз» атты байқауда шәкірттері үздік өнер көрсеткені үшін Гүлбақыт Баймұханбет «Жас дарын» орталығының Алғыс хатымен марапатталды. Облыстық «Балауса» атты жас таланттарды анықтауға арналған өнер байқауында үздік орындаушылық шеберлігі үшін Асхат Ермұратұлы 3 орынға ие болып, дипломға және ақшалай сыйлыққа ие болды. Сол Асхат Ермұрат қазақ ән өнерінің қайталанбас тұлғалары Жақсылық Мырқаев, Ғалымжан Досанұлы, Ерлан Стамғазиевтарды еске алу мақсатында ұйымдастырылған «Тәңіртау таланттары» атты мектеп оқушылары арасындағы байқауда «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломның иегері атанды.
Ауылымыздың мәдениетін биіктен көтеретін жас талантылар көбейе берсін.Жалынды жастар барда ел еңсесі биік болмақ.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
КЕГЕН АУДАНЫ.