Кереге таулы Кеген ауданында Саты деп аталатын ажарлы ауыл бар. Көрікті Көлсай десе, Саты ауылы көз алдымызға келіп жатады. Бұл ауылдың аты аталса, мөлдіреп қана Көлсайдың көлдері елестеп өтеді. Өйткені, Таушелек аңғарына, арынды Саты өзенінің жағасына орналасқан дәл осы ауыл арқылы Көлсайға барасың. Бір сөзбен айтқанда, Көлсайды бір көруге құмартып келіп, кетіп жататын алыс-жақыннан келетін туристер, қонақтар көрікті көлмен бірге береке-бірлігі, ырысы мен құты жарасым тапқан Саты ауылын да жүректеріне ұялатып қайтып жатады.
Өткен ғасырдың бас кезінде мұнда ауылшаруашылық артельдері, «Саты» және «Құрметі» ұжымшарлары жұмыс істеді. 1950 жылы аталған екі шаруашылық бірігіп, бір шаруашылыққа айналды. Кейін «Таушелек» ешкі кеңшары, «Таушелек» кооперативі болып құрылды. Осынау қасиетті өңірден Құланаян Құлмамбеттей атақты жыршы, жырау, ақын, Айтжан Түркебаев, Қазтай Ұлтарақов, Тұрарбек Асанов, Болат Әужанов секілді мемлекет және қоғам қайраткерлері, Кеңес Нұрпейісов, Байынқол Қалиев, Едіге Түркебаев, Сейілбай Мұсабеков, Тұрғанжан Төлебаев, Болат Рысбаев, Дамир Әлімқұлов, Талдыбек Нұрпейісов секілді академиктер және ғалымдар, Ерлан Бағаевтай ақын, қаламгер, Шаяхмет Имашев, Жоламан Әміров, Олжас Сыдықбектей өнер тарландары, Шолпан Жұмаділовадай журналист, Бақыт Баймұханов, Аян Айтжанов, Болсынбек Тұрғынов, ағайынды Қанат, Қонысбек, Талғат Байедилов сияқты көпке танымал елағалары, айтулы азаматтар шықты. Саты өңірінің қойнау-қойнауының бәрі құндылығына толы. Ежелгі Үйсін тайпаларынан қалып қалған қазыналар ұшырасып жатады. Бал-бал тастар, тасқа қашалып жазылған жазулар да жоқ емес. Содан да болар бұл өлкеге әдейілеп, бірер апта демалуды көздеп, арнайы ат басын бұрған қонақтардың дені сол табиғаттың тамашаларын, өңірдің құндылықтарын көру үшін сай-саласын, орман-тоғайын, қия беткейлерін, үңгір тастарын туристік бағыттары бойынша аралап кетеді.
Сатыдай ауылдың болашағы бекем, келешегі кемел. Өсіп-өркендеу мүмкіндігі, әлеуеті зор мекен. Өйткені, осынау ауылға Көлсайдың, туризмнің тигізіп жатқан шапағаты мол. 2000 жылдардан кейін Жалаңаш ауылынан Көлсайдың көліне дейінгі республикалық маңызы бар күре жол асфальтталып, жасалғалы бері туристердің саны екі-үш еселеп артты. Шын мәнінде, осы көрікті көлге әкелетін жол бойындағы ауылдардағы мал шаруашылығы, сүт өнімдерінің бәрі пұлға айналған. Мінетін жарамды аттардың өзі әр жанұяға толайым табыс тауып беріп жатыр. Жол талғамайтын жүрдек көліктері бар тұрғындар да шаш етектен пайдаға кенеліп жатқан жайлары бар. Сондықтан болар, Саты ауылында бұрынғы тұрғын жайларынан бөлек жап-жақсы қонақ үйлерге негізделген тұрғын үй тұрғызып, айналасын заманауи қоршап алған отбасылар көп. Саты ауылына кіргеннен бастап сәулетті қонақ үйлер, кафелер, сауда орталықтар бірінен кейін бірі көз тартып жатады. Бұл, шын мәнінде, өскелең уақыттың бет-бейнесі, көркі мен келбеті.
– Ауылдық округіміздің аумағында Саты және Күрметі ауылдары бар. Округ аумағында 1400-ге тарта тұрғын өмір сүріп келеді. Үш жүзден аса отбасы барын айта кетуіміз керек. Өткен жылы округ аумағында жеке тұлғалар қолдарына алған тұрғын үйлерін салуға 16 650 мың теңге, шаруа қожалықтары бойынша 14 332 мың теңге, барлығы 31 972 мың теңге инвестиция тартылды. Округте 59 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. 1765 іріқара, 1233 бас жылқы, 5002 бас қой-ешкі мал қыстату науқанынан қысылмай шықты. Дәл қазіргі уақытта көктемгі төл алу науқаны басталып кетті, – дейді Саты ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімов.
Саты ауылында 70 жеке кәсіпкер тіркеліп, еңбек етеді. Бұл жақсы құбылыс. Жиырмаға тарта тіркелген қонақ үйлер қысы-жазы туристер мен қонақтарды қабылдайды. Жүзге тарта тұрғын үйлер де жайлы бөлмелерінде қонақ күтеді. Мұның сыртында туристік фирмалармен бірлесіп жұмыс жасайтын, демалыс күндері қонақ қабылдайтын 26 қонақ үй бар. Жаз маусымында Көлсай көлінің маңына 34 жеке тұлғаның екі жүзден астам қазақ үйлері тігілетінін айта кету керек. Мұның бәрі маусым тұсында Көлсайға қонақтардың көп келетінін көрсетеді. Ауылдың орталығында «Саты» атты заманауи ресторан, «Ақ ниет», «Фортуна» атты кафелер, 3 наубайхана, 1 көлік жуатын орын, жанар-жағар май бекеттері тұрақты жұмыс істейді. Округ аумағында А.Түркебаев, Ә.Ниязбеков атындағы орта мектептер, Саты ауылдық Мәдениет үйі, кітапхана, 2010 жылы салынған дәрігерлік емхана бар. А.Түркебаев атындағы мектеп-лицейдің жанында 50 балаға арналған «Балауса», Ә.Ниязбеков атындағы орта мектепте 20 балаға арналған «Шұғыла» шағын орталықтары жұмыс істейді. Саты ауылдық Мәдениет үйінің ғимараты да 2010 жылдан кейін пайдалануға берілген. Округ аумағындағы екі мектеп те заманға лайық күрделі жөндеуден өткізілген. Жағдайлары жақсы.
– Округ аумағында 20530 гектар жер болса, оның ішінде 16900 гектар жайылымдық, 591 гектар шабындық, 225 гектар суармалы жерлеріміз бар. Былтыр 50 гектар жерге арпа, 267 гектар жерге көп жылдық шөп тұқымы егілді. Арпаның әр гектарынан 18 центнерден жоғары өнім алынды. Төрт түлік малды асылдандырудың да жайы жаман емес. Бұл орайда «Майбұлақ», «Тұрғын Б. Р.», «Ынтымақ» шаруа қожалықтарын орнымен сөз етуге болады. Былтыр Сәлімбаевтар әулетіне қарайтын «Майбұлақ» шаруа қожылығы «МТЗ-80» тракторын, қосымша ауылшаруашылығына қажетті 7 агрегатымен сатып алды, –дейді Саты ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімов.
Тәуелсіздік жылдарының шапағаты десек, артық айтпаймыз, Саты ауылындағы әлеуметтік нысандардың дені жаңадан салынған. Мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, былтыр салынып пайдалануға берілген ауылдық әкімдіктің екі қабатты кеңсе ғимараты бәрі-бәрі ауылға көрік беріп тұр. Ауылдың бір айтулы перзенті Болсынбек Тұрғынов салғызған «Таушелек» мешіті, оған іргелес салынған медрессе ғимараты да ауылдың ажары, көркі мен келбеті іспетті. Соңғы жылдар ауқымында бірсыпыра қосымша құрылыстармен, жаттығу залы, мәжіліс залы, асханамен толықтырылып, күрделі жөндеуден өткізілген Айтжан Түркебаев атындағы мектеп-лицейдің жас ұрпаққа берері мол.
– Шүкір, ауылымызға келетін қонақтар аз емес. Маусым кезінде күні-түні бір күн бос емес десек, артық айтпаймыз. Содан да болар, ауылымыздағы әрбір жайлы үйі бар тұрғындар қонақ қабылдауға ниетті. Бұл кезде нан өнімдерінің де көп жұмсалатыны белгілі. Сондықтан наубайханалардың санын көбейтіп жатырмыз. Өткен жылы Мақсат Ақедиловтай азамат шағын наубайханасын ашты. Наубайхана ашып, жұмысын жүргізіп келе жатқан әрі істерін дамыту үшін жаңадан наубайханалық нан пісіретін үлкен пеш, нан илейтін, ашытатын құрал-жабдықтарын сатып әкеліп, орнатқалы отырған «Аянат» жеке кәсіпкерлігінің иелері Жазира Сәтбаева мен Гүлнұр Сүлейменованың аттарына алғыс айтамын. Ауылдың орталығында сауда орталығы, наубайханасы бар белді кәсіпкер Сейсенбек Бияздықовтың еңбегі елеулі. Өткен жылы орталық көшелеріміздің тазалығын сақтау үшін, экологиялық жағдайын дұрыстау үшін 4 мал бағатын бада ұйымдыстырдық. Осынау қасиетті Рамазан айында тілге тиек ететін дүниелеріміз баршылық. Ауылымыздың бір түлегі, биология ғылымдарының докторы, профессор Әлімқұлов Дамир Мәлімбекұлы ораза айының бірінші күнінен бастап ауыл тұрғындарына күн сайын 80 нанды тегін таратқызып, беруде, – дейді Рүстем Әлімов.
Рас, Рүстемдей білімді де білікті басшылары, көкірек көзі ояу ұйымдастырушы, іскер де еңбекқор азаматтары бар ауыл тұрғындары биылғы жылғы Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін есте қаларлықтай етіп өткізді. Саты өзенінің көкмайса кең жағасына қазақ үйлер тігіліп, далалық сахна орнатылып, сазды бағдарламалар өрнектеліп, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, тай жарысы ұйымдастырылыпты. Рүстемдей азаматтың идеясымен «Құт», «Береке», «Алтын», «Бесік» атты қазақ үйлер көз тартыпты. Сөйтіп, биылғы Қоян жылының тойын «Құт» ауылы бастап беріпті. Той жүгін келесі жылы «Береке» ауылы көтеріп алмақ. Бұл жақсы дәстүр екені ақиқат. Мұндағы көпшілік «Қоян жылы төрге аттаған тұстағы Наурыз мерекесін айтсаңшы?!»,-деп әлі күнге той тамашаларын, қызықтарын әңгімеліп келеді. Үлкен тойда Саты ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Есболат Рысбаев, Сейсенбек Бияздықов, Айбар Асылбеков, Бейсенбек Тотыханов секілді көптеген елім-жерім деген азаматтардың белсенділік көрсеткенін айта кеткен орынды. Ауылдық округ әкімдігінің жаңа ғимаратын да көзімізбен көрдік. Әр маманның жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Ауыл әкімі Рүстем Әлімов бұған дейін өздері отырған ауылдық мәдениет үйіндегі кең бөлмелерін өлке тану музейіне айналдырды. Бұл сырттан толассыз келіп жататын туристер, қадірменді қонақтар ат басын бұрып көрсін деген жылы ниеттен туындаған игілік. Рас, мұндай музей әр ауылға керек. Қазір музейге көне заттар, алтынға бергісіз жәдігерлер қойылуда. Сөз реті келгенде айта кеткен орынды, Рүстем Әлімов бастаған ауылдық әкімдік пен дәстүрлі әнші Гүлбақыт Баймұханбет бастаған ауылдық мәдениет үйі бірлесіп, өткізіп келе жатқан кештері, дәстүрге қатысты шаралары, тағылымы мол белгілі тұлғалармен жүздесулері баршылық. Өткен жылы Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаевпен, ақын Серік Қалиевпен өсіп келе жатқан жастарға өнеге боларлық кездесу әрі жыр кештері өрнектелді. Бұл бір ғана мысал.
Көлсаймен көріктенген Саты ауылында бой көтеріп жатқан құрылыс нысандары баршылық. Былтырдан бері қарай Қайыңлы көліне дейінгі жол жасалуда. Мұндағы ел-жұрт та заманға, өскелең уақытқа орай еңбек етіп, әрекет етіп келеді. Мүмкіндігінше жаңа үй салып жатқан, мекен жайларын заманға лайық күрделі жөндеуден өткізіп жатқан, үй айналасындағы қоршауларын жаңалап, көріктендіре қоршап жатқан ағайын жетерлік.Әр шаңырақ жайлы бөлмелерінде қонақ күтуге, ағылып келіп жататын туристерге, қонақтарға сүт өнімдерін ұсынуға пейілді. Шын мәнінде, қазақтың ақ дастарханының мәні мен дәмін кіргізетін құрт, ірімшілік, май, маңыз бәрі-бәрі үлкен сұранысқа ие. Содан да болар, мұндағы ағайын сиыр ұстауға, қой өсіруге, жарамды ат бағуға тырысады. Сол арқылы әр отбасының әлеуеті көтеріле түсуде. Сол арқылы бүкіл ауылдың әлеуметтік және экономикалық жағдайлары жақсарған үстіне жақсара түсуде. Бұл қуантарлық дүние. Сатыдай ауылдың жайы осы, ағайын!
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Кеген ауданы.
Суретте: Әлімов Рүстем Жеңісұлы – Саты ауылдық округінің әкімі.