Талай уақыттан бері ізін суытқан коронавирус індетінің таралуы жайлы ақпарат осы аптада тағы тарады. Іргелес жатқан Алматы қаласында аурудың қарқыны артқаны байқалып, мегаполис «сары» аймаққа өтті. Сырқаттың өршуіне тосқауыл болу үшін әр өңірдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері қаулы шығарып, жауапты сала басшыларына міндеттерді жүктеді.
Алматы облысының санитарлық сақтығына жауапты дәрігер Е.Сыдыманов та 5 шілде күні кезекті қаулысын жария етті. Яғни, ел аумағында, оның ішінде Алматы облысында COVID-19 індеті бойынша сырқаттанушылықтың жоғарылауымен байланысты және Құрбан айт мерекесіне орай 8-11 шілде аралығында тұрғындар арасында коронавирус және жіті ішек инфекцияларының таралуына жол бермеу үшін нақты талаптар бекітілді. Олар төмендегідей:
• малды автомашиналардан және жекеменшік үй иеліктерінен өткізуге тыйым салынады;
• ветеринариялық қызметтің ресми ветеринариялық-санитариялық қорытындысын алған сою пункттері мен алаңдарда мал сою ұйымдастырылуы тиіс;
• мал союды ветеринариялық анықтама болған жағдайда ғана жүргізу керек;
• облыстың барлық аумағындағы сою пункттерінде күшейтілген мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау жүргізіледі;
Ағымдағы жылдың 7 шілдесінен бастап күшіне енген аталған қаулының тиісті шаралары облысқа қарасты қалалар мен барлық аудан әкімдерінің, облыстық Полиция департаментінің, дін істер басқармасының, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Алматы облыстық аумақтық инспекциясының, облыстың бас имамының қадағалануында болады.
Естеріңізге сала кетейік, Құрбан айт кезінде Qurban2022.kz сайтына өтінім бере отырып, онлайн режімде құрбандық шалу амалы да бар.
Бұл жүйе арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудару қарастырылған. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Бұдан кейін төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен WhatsАpp нөміріне жіберіледі.
Д. МУХАМАДИЕВ.