Өткен аптаның жұмасында, ауданымыздағы Шалқар ауылының орта мектебінде «Салт-дәстүрім санамда, жаһандану заманда» атты тақырыпта аудандық білім бөлімі көрме ұйымдастырды. Білім берудің қазіргі замандағы талабының бірі – шығармашылықпен жұмыс жасайтын, бәсекеге қабілетті тұлға. Міне, бұл шараның басты мақсаты да осыған негізделген. Мұнда еңбек пәні мұғалімдерінің қолөнер туындылары ортаға салынып, сондай-ақ, іс-тәжірибе алмасу мақсатында семинар сабақтар назарға ұсынылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген жарысқа аудандағы 50 мектептен 72 үміткер қатысты. Халқымыздың көне мәдениетін бір сабақ жіпке сыйғызып, ұлттық сәндік қолданбалы өнерімізді бүгінмен сабақтастыра отырып, жаһандану заманына жаңа әдіс-тәсілдермен ұсынылған жұмыстарының әрқайсысы көздің жауын алады. Бақ сынаушы тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандар да өзіндік қолтаңбаларымен ерекшеленді.
Ашылу салтанатында сөз алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Мәнсия Буданова бірқатар жетістіктерді тілге тиек етті. Оның ішінде жуырда өткен дәл осындай республикалық көрмеде аудандағы Қарасай батыр, Қ.Сәтбаев, Н.Әлімқұлов, Б.Қосынов атындағы білім ошақтары және Шамалған орта мектебімен қатар Мәнсия Әбдуәлиқызының өзі де Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатына ие болғандықтары жайлы атап айтты. Сондай-ақ, жыл сайынғы ұйымдастырылатын мұндай шараның бекерге емес, еңбектері республикалық деңгейде де еленетініне де тоқталды. Жігерленген білікті педагогтар шараны шебер сабақ өткізуден бастады. Алдын ала дайындалған бағдарламаға сай сабақ өткізуші әрбір мұғалімге белгіленген уақытқа сәйкес жеке жабдықталған сыныптар бекітілген.
Айта кетерлігі, Шалқар орта мектебі ауыл шетінен жаңадан тұрғызылып, өткен жылы пайдалануға берілген. Үлкен, әрі ыңғайлы салынған ғимаратты дұрыс қолдана білген мектеп директоры Тазагүл Қасымбекова «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және оның ішіндегі «100 жаңа есім» бағытына екі бұрыш арнаған. Білім ордасының бөлмелері де заманға сай жабдықталған. Химия, биология, физика сынды сабақтарға арнайы зертханалар болуымен қатар, көркем өнер еңбек сыныптардың да жабдығы сақадай сай. Қыздарға арналып өтетін еңбек сабағында әрқайсының алдында тігін машиналары қойылған. Бұл құрылғыда оқушылардың еркін жұмыс жасай алатын жетістіктерін алға тартқан осы мектептің еңбек пәні мұғалімі алғашқы шебер сабақты бастады. Мұнан кейін, Бірінші май орта мектебі «Ши тоқу», Қосынов орта мектебі «Жүннен жасалған панно» сынды тақырыптарында өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал, ер мұғалімдер арасында Еңбекші орта мектебі «Мүсін жасау», «Натюрморт салу», Шалқар орта мектебі «Мозаика құру» тақырыбында сабақтар өтті.
Мұнан кейін арнайы жасақталған қазылар мүшелері ұстаздардың қолөнер туындыларын сарапқа салды. Шебер педагогтардың қиялынан туындаған сан түрлі қолөнер бұйымдарына расымен-ақ көз сүйсінді. Барлығы да тақырыпқа сай заманауи бағытта жасалынып, ұлттық өнерді жаңғыртқан. Қатысушылар металл, ағаш, жүн және қайқы (пенопласт) сынды материалдарды қолданып, салт-дәстүрлерді дәріптеген.
Қорытындыға сай ұстаздарға жүлделі орындар табыс етілді. Атап айтар болсақ, ерлер арасында бас жүлдені Шамалған орта мектебі иеленсе, ал қыздар арасында Қ.Сәтбаев орта мектебі лайық деп танылды. Мұнан бөлек, көрмеде көз тартар бұйымдар аз болмады. Ер мұғалімдер ішінде Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясы ағаштан қазақ үй мен жылқы мүсінін жасаса, ал, Абай мектеп-гимназиясы дәл осы материалды пайдалана мешіт жобасын тұрғызып, ашық түсті өң берген. Кемертоған орта мектебі ат әбзелдерін қолданыста жүргендей қылып жасаған. Бір жақ шетінде ер мұғалімдер өз өнерлерін көрсетіп жатқанда, әйел ұстаздар да қалыс қалмады. Бұл кісілер де өздеріне тән нәзік қолданыстағы бұйымдарды құбылтқан. Қарасай батыр орта мектебі боялған малдың жүнін түтіп, құстардың суретін салған жиектемені көрмеге қойды. Ал, М.Ғабдуллин мектебі де осы техниканы пайдаланған. Яғни, түтілген жүнді шиге орап киізге бастырған кезде табиғаттың суреті бейнеленіп шығыпты.
Қайсыбірін алып қарасаң да, шынайы шеберлердің жұмыстарымен теңдес қолөнершілердің барлығын қалыс қалдырмай аудандық білім бөлімі Алғыс хаттармен марапаттады. Көркем түрлі түстерге толған тартымды шараның соңы концерттік бағдарламамен аяқталды.
Бұрым Орынбасар.