Кешегі өткен Президент сайлауы ел тарихында қалатыны сөзсіз. Қазақстан халқының басым көпшілігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен сенім білдіріп, өз таңдауларын лайықты жасады деп ойлаймын. Оның бұл жеңісі қазақстандықтардың алдындағы беделінің жоғары екенін тағы анық көрсетті.
Келешекте ел тізгінін ұстайтын Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың үмітін ақтайды деген сенімдемін. Өйткені ол осы уақытқа дейін тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін талай тындырымды істерді атқарды. Әр саланың жақсаруына жіті назар аударып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әлемдік деңгейде елдің абыройын асқақтату үшін көптеген ілкімді істерге себепші болып, стратегиялық серіктестікті нығайта білді. Салмақты саясаты болашақта да жемісін беретініне кәміл сенемін.
Қазақстан жұртшылығы ел Президентімен қашанда бірге. Оның байыпты басталамарына тек сәттілік тілейміз. «Жаңа Қазақстанды» биік белестерге шығарады деген ойдамын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сайлаудағы жеңісі дүйім көпшіліктің алдындағы беделін одан әрі арттыратыны ақиқат. Мықты мемлекет басшысымен Қазақстан ықпалды елге айналады.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қарасай ауданының Құрметті азаматы,
ардагер-журналист.