Орталық стадионда аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен республиканың әр аумағында болып жатқан «Сабақтастық! Әділдік! Өрлеу!» акциясы өтті.
Ағымдағы жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасап, Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімін жариялады. Еліміз үшін аса маңызды саяси оқиғаны ауданымыздың жас көшбасшылары тарихи шешім ретінде қарастырып отыр. Бұл сайлауға әрқайсысы жауапкершілікпен қарап, бірауыздан «Nur Otan» партиясының ұсынған үміткерін қолдап, лайықты дауыс беріп, саяси шарада белсенділікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған акцияның ашылуы концерттік бағдарламамен бастады. Осыған орай сөйлеген Жамбыл ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Гүлдана Жұмақан сайлаудың маңыздылығын тілге тиек етті.
– Біз қарасайлық жастар, сайлауға атсалысып, азаматтық белсенділігімізді көрсетуіміз керек. Жастар Президенттің кезектен тыс сайлауын қолдайды, – деді Гүлдана Айдосқызы.
Ал, Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аида Ақшалова:
– Бұл саяси шарада белсенділік таныту мақсатында жастар тарапынан «Сабақтастық! Әділдік! Өрлеу!» ақциясы өткізіліп отыр. Сайлауда жас буынның белсенділік танытуы мақсатында біздің тарапымыздан бірнеше флешмоб, акциялар ұйымдастырып жатыр. Жастарды акцияға атсалысуға шақырамыз, – деді ол.
Шараның соңы жиналған жастардың латын алфавитіндегі «V» әріпін таңбалайтын және бейбітшілік пен жеңісті білдіретін таңдау белгісін бейнелеуімен аяқталды.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.