Кәсіптік білім мен жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері студенттердің болашағы үшін қажет-ақ. Осы тақырыптың айналасында аптаның сейсенбісінде , С.Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінде облыстық семинар өтіп, «энергетика» мамандығының білімгерлер үшін қажеттілігі, олардан мықты маман дайындау мәселесі талқыланды. Анығын айтқанда, аталмыш колледж бен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті өзара іскерлік қарым-қатынасты нығайтып, болашақ энергетиктер үшін жақсы бастаманы қолға алды. Негізгі мақсат – С.Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжі осы университетпен бірігіп, «энергетика» мамандығы бойынша бірлесе әзірленген оқу-жұмыс бағдарламасы негізінде ынтымақтастық арқылы кәсіпорын саласына құзыретті мамандарды даярлау.
Қаскелеңдік колледж бен Алматы облысының білім басқармасы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған бұл жиынға Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің өкілдері арнайы қатысты. Атап айтқанда, аталмыш жоғары оқу орнының басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы Бақыт Жәутіков, энергетика және машина жасау институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты Қасым Елемесов, «Энергетика» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Ерлан Сәрсенбаев сынды профессорлар болды. Сондай-ақ аталмыш шараға Қарасай ауданына қарасты бірқатар колледждің өкілдері де шақырылды.
Пленарлық отырыс барысында жоғарыда аталған орталықтың техникалық және кәсіптік бөлім басшысы Шынар Исаханова мен колледж басшысы Рүстембек Бакиров кәсіптік білім және жоғары оқу орнындағы іскерлікті айтып, ынтымақтастық арқылы маман даярлаудың мүмкіндіктерін сөз етті.
Дәл сол сияқты университет мен колледждің бірлестігін осы семинарға арнайы қатысқан Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессорлары да айтты. Олар мұндай бастама студенттер үшін таптырмас мүмкіндік және лайықты маман даярлауға септігі мол екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар бұл жиында «Elcos» ЖШС-нің жетекшісі, аталмыш колледжің әлеуметтік серіктестігі Дархан Битимшинов дуалды оқытудың артықшылықтарына тоқталды.
Семинар отырысынан кейін құрметті қонақтардың қатысуымен С.Жандосов атындағы Кәскелең кәсіптік-техникалық колледжінде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Энергетика» кафедрасы филиалының ашылу рәсімі өтті. Оның қызыл лентасын аталмыш университеттің басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бақыт Жәутіков пен колледж басшысы Рүстембек Бакиров екеуі бірге қиып, меморандумға қол қойды. Ал энергетика және машина жасау институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты Қасым Көптілеуұлының айтуынша, мұндай кабинеттердің ашылуы колледж студенттері үшін жоғары оқу орнының элементтерін сезінуге зор ықпал етеді.
– Біз бүгінгі таңда студенттердің қамын ойлаудамыз. Мұнда білім алатындар университеттің деңгейіндегі оқу жүйесімен танысып, кейін бітірген соң саналы түрде ЖОО не екенін түсінетіндей болуы керек. Сондай-ақ біздің білімгерлер де осында келіп, колледждегі тәлімгерлердің тәжірибесі арқылы білімдерін арттыратын болады. Осылайша дуалды оқытуды жетілдіреміз. Жалпы бұл кабинет Қарасай ауданы бойынша екінші болып табылады. Осыдан төрт ай бұрын Шамалған ауылындағы кәсіптік-техникалық колледжінде ашқан болатынбыз. Алдағы уақытта Алматы облысы бойынша колледждермен тәжірибе алмасу бағытындағы достықты одан ары нығайтып, академиялық басымдық бағытында орталықтар ашу жоспарда бар, – деді елімізге белді университеттің профессоры Қасым Елемесов.
Ынтамақтастықты арттыратын іс-шараның аясында шеберлік сабақтар көрсетілді. Колледж өкілдері тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істеудің артықшылықтарын талқылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.