Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейі осында келушілерге қызмет көрсетіп қана қоймай, жылжымалы көрмені де жүйелі өткізеді. Мәдениет мекемесінде сақтаулы жәдігерлер бұл жолы аудан орталығы Ұзынағашта орналасқан «Қамқорлық» оңалту орталығында таныстырылды.
Музей қызметкерлері аталған орталыққа «Ақиық ақын Сүйінбай» атты арнайы көрме ұйымдастырды. Бұл орталықта арнайы дәрігерлік көмекті қажет ететін балалар ем-дом алып, денсаулығын жақсартады. Мұнда еліміздің әр аймағынан әртүрлі созылмалы сырқаты бар балалар келеді. Ем-шара арасында ерекше қажеттіліктегі балалардың көңілін аулап, бір сәт Сүйінбай мұраларымен таныстыруды мақсат еткен мәдениет қызметкерлерін «Қамқорлық» оңалту орталығының меңгерушісі, білікті дәрігер Әсел Сауырықова ілтипатпен қарсы алып, алдымен мекеме жұмысынан хабардар етті.
–Оңалту орталығы жұмысының өте жақсы ұйымдастырылғаны бірден көзге көрініп тұрды. Мекеменің іші талапқа сай жабдықталған әрі тап-тұйнақтай таза. Ондағы арнайы мамандар әрбір баламен жеке-жеке де, топпен де жұмыс жасап, қажетті емдеу шараларын жүргізеді екен. Біздің барған мақсатымыз да осы бір қамкөңіл, періштедей пәк жандарға музей жәдігерлерін өз деңгейіне сай ұғынықты тілмен таныстырып, ақындар мен батырлар елінің тарихынан сыр шерту еді. Жылжымалы көрмеде балаларға Сүйекеңнен қалған асыл мұраларды көрсеттік, сонымен қатар Жамбыл мен Үмбетәлі шығармашылығынан да сыр шерттік, – дейді музей қызметкері Қарлығаш Муширова.
Емдеу-сауықтыру орнына көшпелі көрмені бастап барған Сүйінбай музейінің меңгерушісі Аяужан Сәдуақасова мұражайда сақтаулы жәдігерлер жайлы бала тілімен әдемі әңгімелеп шықты. Көрмеде ақынның өзі ұстаған жеке заттары, сол замандағы тұрмыстық бұйымдар, ұрпақтарының музейге өткізген тарихи жәдігерлері жас көрерменнің назарына ұсынылып, Сүйінбай салған ақындық дәстүрдің жалғасы Жамбыл, Үмбетәлі, Әбдіғали мұралары таныстырылды. Бір қуантарлығы, балалар бұған бей-жай қарамай, әрбір жәдігерге қызығушылық танытып, шамалары келгенінше сұрақ қойып жатты.
«Менің пірім Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай. Сырлы сұлу сөздері, Маған тартқан сыйындай. Сүйінбай деп сөйлесем, Сөз келеді көмейге, Қара дауыл құйындай» – деп, Сүйекеңнің шәкірті Жамбыл жырлағандай, ақыннан қалған өрнекті сөз ерекше күтімдегі балаларды селт еткізді. Әуезді ән-күймен, жыр-дастанмен де адам жанына сауықтырарлықтай әсер етіп, қосымша емшара жасауға болатынына куә болғанын айтады Сүйінбай музейінің қызметкерлері. Көрме аясында музей қызметкері Серік Шайымханов домбырамен Сүйінбайдың бірнеше термесін төкпелетіп орындаған сәтте, тыңдап отырған балалардың көзінен ұшқын мен қуаныш сезімі байқалды. Жүздерінен шаттық нұрын көрген көрме өткізушілер өздерінің қайырымдылық мақсаттарының орындалғанына сенімдері бекіді.
Шара соңында Сүйінбай Аронұлы музейінің қызметкерлеріне шын жүректен алғыстарын білдірген оңалту орталығының мамандары олардан алдағы уақытта да осындай көрме өткізіп тұруларын өтінді. Өйткені орталық жетекшісі Әсел Қанатқызының айтуынша, мұнда емдік курстарға әр маусым сайын Қазақстанның түпкір-түпкірінен балалар көптеп келеді.
«Балалар үшін қандай істен болсын бас тартпаймыз, әрине, тағы келеміз. Ақындар мен батырлар елі атанған аймақтағы рухани бай мұраларды бүлдіршіндердің кеңінен білгені нұр үстіне нұр. Қайырымдылық орталығында өткізген көрменің балалардың көңілінен шыққанына біз де марқайып қайттық», – дейді музей басшысы Аяужан Заманбекқызы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Қарақыстақ ауылы,
Жамбыл ауданы.