Тәуелсіздік жылдары елімізде жекеменшік құрылыс ұйымдары қанат жайып, саланың дамуында шешуші орынды иеленді. Жамбыл ауданында да мұндай кәсіпорындар құрылыс саласында табысты жұмыс істейді. Солардың бірі – «REM PLAST LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Манас Қалияқов бұл ұйымды 2006 жылдың қаңтар айында құрған болатын. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» демекші, үмітпен қатар «қалай болар екен» деген күдікпен бастаған тың істе алғашқы кездері айтарлықтай қиындықтар болғаны рас. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тыным таппауға дағдыланған кәсіпкер нәтижеге жету үшін күн демей, түн демей еңбектенді. Жекеменшік мекемесінің ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жолға қоя білді. Қолынан іс келетін білікті мамандарды тарта білу де оңайға соққан жоқ. Құрылыс салдыруға тапсырыс берушілермен екі жаққа да тиімді келісімшарттар жасасу, мойынға алған жұмысты уақытылы және сапалы орындау, жұмыс барысында алдан шығатын күтпеген мәселелерді оңтайлы шеше білу, керек кезінде серіктес компаниялармен іскерлік байланыс орнату сияқты бұл саланың өзіне тән қыр-сыры жетіп-артылатынын өз басынан бір кісідей-ақ өткерді. Қайсар кәсіпкердің төккен тері зая кеткен жоқ. Бүгінде азды-көпті нәтижеге қол жеткізуі – сол еңбектің ақталғаны.
Манас Өмірзақұлының компаниясында 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық кезеңде нақты жұмыстың көлеміне қарай жұмысшылар саны қажетінше 140 адамға дейін өседі. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен айналысатын ұйымда өз ісінің нағыз білгірлері еңбек етеді. Олардың ішінде бас энергетик Мұрат Есқайыров, прораб Ғалымжан Молдақожаев, учаске бастығы Данил Мұқанов, логистика бөлімінің басшысы Мейрамбек Өмірзақ сияқты мамандар осында бірнеше жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Бұдан басқа да әр түрлі техникаларды тізгіндеген жұмысшылардың ортақ іске күш біріктіруінің арқасында мекеме жұмысы ілгерілеуде.
«REM PLAST LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тек Жамбыл ауданында ғана емес, осы уақытқа дейін өзге өңірлерде де бірқатар нысанның құрылысын жүргізді. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы Медиа орталығы, Драма театры ғимараттарының құрылысына қатысты. Алматы қаласында бірнеше нысанның құрылысын сапалы аяқтады. Қолайлы уақытта жұмысын қарқынды жүргізіп, қолға алған мемлекеттік тапсырысты ойдағыдай орындап шығады. Мәселен, Балқаш ауданында 11 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасады. Сондай-ақ Ұзынағаш ауылында «Қамқорлық» оңалту орталығына бөлінген екі қабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемені талапқа сай жабдықтады. Аталған оңалту орталығы Алматы облысы бойынша осындай алғашқы мекеме болып ашылғаны белгілі.
Бұл компания қазіргі уақытта Жетісу облысындағы маңызды әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізуді өз мойнына алған. Тәжірибелі мамандардан құралған еңбек ұжымы оны да сапалы әрі уақытылы атқаратындарына сенімді.
Суретте: білікті кәсіпкер, «REM PLAST LTD» ЖШС иесі Манас Қалияқов; құрылыс басындағы жұмысшылар; Ұзынағаштағы оңалту орталығының іші.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.