Апат айтып келмейді. Көктем мезгілінде су тасқынымен қатар дала өртінің орын алуы да көбейеді. Мәселен, қазіргі таңда далада құрғақ қу шөптің жану оқиғалары тіркелуде. Соған орай Алматы облысының өрт сөндірушілері төтенше жағдайға сақадай сай болу үшін оқу-жаттығу өткізуде.
Аталған шара жақында Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында өтті. Оған елді мекендердегі ерікті өрт сөндіру жасақтары, өрт сөндіру бекеттері, «28237» әскери қызметкерлері мен сарбаздары және Ұзынағаштағы №4-Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қатысты. Оқу-жаттығуға аудан әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев арнайы келіп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Қазір аймақ округтерін түгелдей өрт посттарын қамту жоспарланып отыр. Оның екеуі биыл салынбақ. Бүгінгі шарада, әсіресе, осындай посттарды тұратын қызметкерлердің біліктіліктері мен ептіліктері шыңдалады. Біз әрдайым табиғаттың осы бір оқыс жағдайына дайын жүруіміз керек. Сақадай сай болған дұрыс. Жергілікті атқарушы органдар аталмыш мәселеге ден қоюда, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Оқу жаттығу барысында арнайы өрт ошақтары қойылып, оларды шұғыл ауыздықтау шаралары жүргізілді. Бұл – дала, тау өрттерін сөндіру кезіндегі іс-қимыл әрекеттерін айқындау. Құрал саймандардың әзірлігін тексеру мақсатында жасалған.
– Апат айтып келмейді. Төтеншеліктер, әсіресе, көлік жүргізушілер мен мал бағушыларға ерекше сақ болуды ескертеді. Автокөлік терезесінен лақтырған темекінің тұқылы алапат өрт туғызуы мүмкін. Сонымен қатар өрісте мал бағып жүрген азаматтарда шылым шегу кезінде қауіпсіздікті сақтап, жауапкершілікті сезіне білуі керек, – дейді Жамбыл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ерсін Жағыпаров.
Айта кетейік, оқу-жаттығуға 80-нен аса адам қатысып, біліктілігін арттырды. Ұйымдастырушылардың сөзінше мұндай шаралар алдағы уақытта Жамбыл ауданында барлық округінде өткізу жоспарланып отыр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.