26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күніне орай әрі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жақында Қарасай ауданында маңызды шара өтті. Аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл акцияға Қарасай аудандық полиция басқармасы мен облыстық Полиция Департаментінің Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері де бір кісідей атсалысты. Жас буын мен құзырлы орган өкілдерінің басын біріктірген «Oilan, Нашақорлыққа жол жоқ!» атты антиграффити акциясы бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесімен күресуге бағытталды.
Ал аталған шараның басты мақсаты өскелең ұрпақты және жалпы қоғамды есірткі заттарының таралуы мен оның ашық насихатынан қорғау, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын орнықтыру болып табылады. Бүгінгі таңда заманауи технологиялар мен ақпараттық айла-тәсілдердің дамуына байланысты, есірткі саудасының жарнамасы көше мен ғимараттардың қабырғаларында заңсыз граффити жазулар түрінде жиі кездесетін болды. Осы қауіптің алдын алу мақсатында акцияға қатысушы еріктілер мен тәртіп сақшылары аудан орталығындағы және халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардағы заңсыз жарнамалардың, күмәнді сайт сілтемелерінің көзін жою жұмыстарын жүргізді.
Аудан көшелерін заңсыз жазулардан тазарту – бұл тек қала эстетикасы мен сыртқы тазалықты сақтау ғана емес, бұл ұлт болашағын, жастарымыздың тағдырын ажал тұзағынан арашалап қалуға қосылған маңызды әрі нақты үлес. Өйткені қабырғадан өшірілген әрбір есірткі жарнамасы мен әрбір қылмыстық сілтеме кем дегенде бір жастың зиянды әдеттен аулақ болуына, қате қадам баспауына жасалған үлкен септігін тигізеді. Тәртіп пен қауіпсіздік ең алдымен осындай жанашырлықтан, ұжымдық жауапкершіліктен басталады.
«Заң мен тәртіп» қағидасына аясында болған шараның ұйымдастырушылары осы игі іске белсенді араласып, бей-жай қарамаған, өздерінің азаматтық позициясын нақ білдірген барша ерікті жастарға және қолдау көрсеткен мекемелерге ерекше алғыс білдіреді. Айтуларынша, алдағы уақытта қоғам қауіпсіздігіне арналған мұндай шаралар жалғасын табады.
Нашақорлық індетімен күресу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғам болып жұмыла көтеретін ортақ жүк. Дәл осындай бірлескен жүйелі әрекеттер арқылы ғана біз қауіпсіз, салауатты, есірткіден таза және жарқын қоғам қалыптастыра аламыз.
Өз тілшіміз.

