Биыл еліміздің ең басты мейрамы – Республика күні екінші рет аталып өтеді. 13 жыл ортаға салып қайта оралған бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан, Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталғандығын айқындайтын дәлел.
Күні кеше бас қалада өткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімінде елімізге еңбегі сіңген сан саладағы азаматтарды марапаттап қана қоймай, осы атаулы датаның мән маңыздылығына да тоқталды.
«Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты. Шын мәнінде, Егемендік декларациясын қабылдау оңайға соққан жоқ. Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни Жоғарғы Кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді», – деп Мемлекет басшысы бұл мерекенің Ұлттық аталуының астарында үлкен мән-мағына жатқандығын түсіндірді.
Расымен бұл Ұлттық мереке – елдік пен тарихи сананы жаңғырту жолы. Азаматтар аталған мереке қарсаңында мемлекеттің дамуына баға беріп, келешегіне сеніммен қарауға күш алады. Елдің рухани өркендеуі үшін де Республика күнінің мәні зор демекпін. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Мерей Сламұлы,
«Kelun-Kazpharm» ЖШС бас директоры, Құрмет орденінің иегері.