Тәуелсіз Отанымыздың келешегі – жас ұрпақ. Күнге қарай бой түзеп өсіп келе жатқан жастарымыздың білімді, өнерлі, спортқа жақын болып өскені ләзім. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап балалардың бойындағы дүниелерін оятып, талабын ұштаған абзал.
Жақында Кеген ауданындағы Талды орта мектебінде балалардың балғын өнеріне арналған шара өтті. Оған отбасылы білікті ұстаздар Ерболат Шайзатұлы мен Нұржан Жұмахан ұйытқы болды. Осы күні «Сағындырғын әндер-ай!» атты кеш алдында балғын суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды. Ұлтымыздың інжу-маржандай салт-дәстүріне арналған балғын қалам иелерінің туындылары қызықтырмай қойған жоқ. Айта кетейік, Гүлнар Советбекқызы, Диана Сатылған, Айсара Шайзат, Ақниет Сәрсенбек, Қарақат Серікбайқызы секілді балалардың сәтті туындыларымен қуантты. Бастауыш сыныпта оқитын Сезім Берікқызы, Кәусар Советбек, Ақбаян Шайзат, Марина Батайдың қылқалам өнеріне деген талаптары таудай екен. Одан кейін 2 және 9 сынып арасында өнерлі шәкірттер ән мен би өнерін тарту етті. Балғын ұл мен қыздардың салған әндері, қосыла айтқан дүниелері жанымызды жадыратты. Қыздар би өнеріне де жап-жақсы икемделіп қалыпты.
Өнер кешіне музыка пәнінен сабақ беретін ерлі-зайыпты білікті ұстаздар Ерболат Шайзатұлы мен Нұржан Жұмахан балапандай баурап, баулыған, тәрбиеліп жүрген шәкірттерінің қадамдарына сәттілік тіледі. Алдағы уақытта да рухани құндылықты кеңінен насихаттайтын Талды мектебінің өнерпаз өрендері талай додаларда зор жетістікке жететініне сенімдіміз.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.