Күні кеше Талдықорған қаласында референдум өткізудің өзекті мәселелері бойынша ҚР Парламенті Сенатының депутаты Лаззат Сүлейменмен және қоғам қайраткері Елена Тарасенкомен кездесу өтті.
Бұл жиынға қоғамдық бірлестіктердің, белсенді үкіметтік емес ұйымдардың басшылыры мен ардагерлер, аналар, іскер әйелдер кеңестерінің, ата-аналар комитеттерінің төрағалары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Лаззат Жаңылысқызы Сүлеймен Конституцияға енгізілетін жаңа түзетулерге түсініктеме берді.
«Бұл оқиға әрбір азамат үшін өте маңызды, өйткені референдум 27 жыл ішінде алғаш рет өткізіліп отыр және реформа біздің өміріміздің барлық салаларын қамтып, жаңа Қазақстанның демократиялық және әлеуметтік бағдарланған, әділ азаматтық қоғамын құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Сенат депутаты.
Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Николаевна Тарасенко өз сөзінде еліміздің барлық жауапты азаматтары мен патриоттарын референдумға қатысуға шақырды.
Референдумның маңыздылығы сөз болған бұл жиында сонымен қатар Жетісу университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты, Алматы облысы бойынша референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының сарапшысы Бақыт Чингаева, талдықорған қалалық референдумды қоғамдық қолдау штабының мүшесі Болат Тұрұсбеков, облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдилдина сияқты белгілі адамдар саяси оқиғаға қатысты ойларын ортаға салды.
Барлық сөз сөйлеушілер жаңа саяси реформалар өте уақтылы қабылданғандығын және қажет екендігін атап өтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Қазақстандағы демократиялық процестерге қолдау білдірді.